ҚҰРАН ОҚУ ДА ҚҰДІРЕТ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігі «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде Құран оқу байқауын ұйымдастырды. Шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәпен Аңсатов және ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы талапкерлерге сәттілік тіледі.
Ғибратты шараға аудандар мен Қызылорда қаласынан 30 жасқа дейінгі 40-қа жуық жас қатысты. Олар Құран Кәрімнің сөздерін мәнерлеп оқу, 10, 20, 30 парасын жатқа айту сияқты номинациялар бойынша бақ сынады.
Байқаудың басты шарты – Құран тілінің сұлулығын, әуезділігі мен көркемдігін жеткізу. Қазылар алқасына Алматыдан «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD доктор Мұхаммед Абдулхамид Хаттаб арнайы келіп жетекшілік етті. Бағалау қорытындысымен Құран сөздерін мәнерлеп оқудан Берік Асқарұлы, 10 парасын жатқа айтудан Шыңғыс Сәдуов, 20 парасын оқудан Азамат Әбжалов, түгелімен жаттап оқудан Әбдіқадыр Айдаров І жеңімпаз болды.
Байқауда топ жарғандар республикалық Құран оқу байқауына қатысады. Шара соңында жүлделі орындарға ие болғандарға да, барлық қатысушыларға да естеліккке сыйлдықтар үлестірілді.
Биболат Сағындықұлы