ЖІГІТТЕР ЖАУАПТЫ СӘТТЕ ШЫҢДАЛАДЫ
Сырдария өзенінде биыл 26 ақпаннан 1 сәуірге дейін сең жүрді. Жергілікті мамандар бұл сындарлы сәтте тындырымды еңбек етіп, ешқандай тосын оқиғаларға жол берген жоқ. Осыған орай кеше көктемгі су тасқыны кезеңінің қорытындысына арналған мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сол шараға белсене атсалысқан бірнеше сала мамандарын қабылдап, оларға құрмет көрсетті.
Мәжілістен бұрын аймақ басшысы қауіпті сейілтуде қажетті техника мен адам күшін жұмылдыру арқылы халық алдындағы міндетін абыроймен атқарған азаматтарды алғыс хаттарымен марапаттады. Одан кейін жауапты сала басшылары Сыр өңірінің сындарлы сәттен қалай шыққаны, алдағы маусымға әзірлік жөнінде баяндады.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Жаңабаевтың айтуынша, былтыр қараша-желтоқсан айларында өзен арнасындағы мұз қату үдерісі солтүстік аудандардан басталған. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы аумағына дейін жалғасты. Қызылорда қаласы мен аудандарда қажетті материалдық-техникалық қор жасақталып, азаматтық қорғау қызмет түрлері күшейтілген режимде жұмыс істеді.
Су басу аймақтарындағы өзен арнасы қауіпті 56 учаскеге бөлініп, 460 шақты техника мен 2 мыңға тарта адамды қамтыған 172 жауапты мекеме бекітілді. Шұғыл қажеттілік үшін бөлінген 2 тікұшақпен өзен бойына мониторинг жүргізіліп тұрды. Қала және аудан әкімдіктері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды.
Жауапты науқан сала мамандарына оңай тиген жоқ. Ол жайында мамандар не дейді?
–Мұз жүру үдерісі кезінде облыс бойынша қауіпті аймақ ретінде 56 учаске тіркелді. Ал, қыс мезгілі басталғалы алғаш рет қауіпті жағдай 28 желтоқсан айында орын алды. Ол қаладағы ПМК-29 саяжайы маңы еді. Сол кезде біз дереу іске кірісіп, толассыз судың бетін қайтаруға күш салдық. Одан кейінгі жағдай 29 қаңтарда Сырдария ауданына қарасты «Әсет» учаскесінде болды. Онда қорғаныс бөгеті ретінде салынған ұзындығы 5,8 шақырым болатын дамбаны су шайып кетті. Күріш алқабын су басты. Бұл кезде де күндіз-түні тыным таппай, қауіпсіздік үшін мұқият жұмыс жасауға тура келді. Қазір облыс аумағы бұл табиғи апаттан толықтай құтқарылды. Өңірде мұз жүру процесі аяқталды, – облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім бастығы Бақытжан Жүндабеков.
Әрбір учаске мамандарының жіті бақылауында болды. Соның нәтижесінде ешқандай төтенше оқиғаларға жол берілген жоқ.
– Наурыз айында дарияда сең жүріп, жұртты әбігерге салды. Бірнеше тәулік бойы төтенше жағдай қызметкерлерімен Қазалы қаласы аумағындағы су торабын аралап, ахуалды зерделеген едік. Негізінде 21-26 наурыз аралығында қаурыт жұмыс жасалды. Күн-түні дарияның басында болдық. Бұл өзіміздің міндетіміз деп білемін. Осы мекемеде 2016 жылдан бері жұмыс істеймін. Бүгін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып отырмын. Өте қуаныштымын, – дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының автокөлік жүргізушісі Ғалымжан Оразбаев.
Мұздың ұстасу және жүру жағдайлары айтарлықтай шығынға ұшыратпаса да, біршама жұртты әбігерге салғанын жасыра алмаймыз. Әйткенмен, қазір қауіп жоқ. Облыс әкімі су тасқыны мен су тапшылығы кезіндегі су қоймаларының маңызын айрықша атап өтті. Соның ішінде 600 мың текше метр су сыятын Күміскеткен су қоймасының құрылысын көпке созбай бастап, 2019 жылы пайдалануға беру туралы тапсырма жүктеді.
«Ақмешіт-ақпарат».