АЙШЫҚТЫ АСТАНА, АЖАРЛЫ АҚМЕШІТ
Үстіміздегі жылы Елордамыз – Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы кең ауқымда тойланбақ. Осыған орай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Астана – болашақтың бағдары, Қызылорда – екі ғасыр куәсі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Аталған шараға зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, университет профессорлары, оқытушылары, студенттер қатысты.
Конференцияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді. Жиынның ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Астана мен Қызылорда қалаларының өткені, бүгіні және келешегіне егжей-тегжейлі тоқталды.
– Қазақ мемлекетінің тарихына үңілетін болсақ, өткеннен өнеге алар тұстар өте көп. Мемлекет бар жерде Астананың болуы заңдылық. Астана қаласы ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамыған нышанына, сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас ғасыр жобасына айналды. Ал «Дарияның жағасында бір қала бар» деп ақындар жырға қосқан Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласына екі ғасыр толып отыр. Бұл мерзім ішінде Қызылорда талай белестерді бағындырып, асулардан өтті. Елбасының төлтумасы саналатын Астана қаласы бүгінде танымал қалалардың бірі. Қазіргі таңда Қызылорда заманауи үлгідегі азаттықты айшықтаған Астанаға қарап, бой түзеп келеді, – деді облыс әкімі сөз басында.
«Сыр – Алаштың анасы». Бұл – Елбасының көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы сөзі. Қазақ тарихында өзіндік үлкен рөл атқаратын қаланың тарихы да тереңде жатыр. Сонау 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында бой көтерген алғашқы қорған Ақмешіт болып аталады. Ал 1922-1925 жылдары қала қайта Ақмешіт атанды. 1925 жылы қазақтың орталығы болған қала Қызылорда атын иемденеді.
Танымдық шарада «Астана – болашақтың бағдары, Қызылорда – екі ғасыр куәсі» атты деректі фильм көрсетілді. Онда екі қала арасындағы экономикалық, мәдени, рухани байланыстардың жайлы айтылып, болашағы жайлы сөз етілді.
Тарихи танымдық кеш барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы сөз алып, қатар келген қос мерекемен құттықтады.
– Сыр өңірінің жылнамасын әлі де тұнып жатқан өз еліміз бен халқымыздың көне тарихының алтын қамбасы деп білгеніміз абзал. Кейде асау мінезі мен арқыраған қасиеті Сырдарияның суындай сырғыған уақыт кезі мен сынының қилы-қилы кезеңдерінде аты мен атауы өзгеріп тұрғанмен заты өзгермеген бір көне ескерткіш бар. Ол осы – Қызылорда қаласы. Аңызға толы сырдың жыры да сыры да тарихқа айналған кезеңдердің екі ғасырлық куәгері де осы – Қызылорда, – деп атап өтті М.Бақтиярұлы.
Конференция жұмысы «Астана – еларалық ынтымақтың кепілі», «Киелі географиялық нысандардың қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі», «Алаш қайраткерлерінің Ақмешіт-Қызылорда кезеңі», «Сыр елі руханиятының тарихи бастаулары мен қалыптасу жолдары», «Қазақ фольклорындағы астана образы» тақырыптары аясында өрбіді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.