Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӨТКЕНІ СЫРЛЫ, ЕРТЕҢІ НҰРЛЫ ҚЫЗЫЛОРДА

ӨТКЕНІ СЫРЛЫ, ЕРТЕҢІ НҰРЛЫ ҚЫЗЫЛОРДА

   Үстіміздегі жылы кең ауқымда тойланатын Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар бастау алды. Осыған орай, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Қызылорда: кеше, бүгін, ертең» атты тарихи-танымдық кеш өткізілді.
Танымдық шараның қонақтары алдымен «Алаштың Ақмешіті – Қызылорда» атты көрмені тамашалады. Онда Ақмешіт филиал музейінің «Ақмешіт, Перовск, Қызылорда» атты қаланың тарихын насихаттайтын фотокөрме және музей қорындағы жәдігерлерден жылжымалы көрме ұсынылған. Онда  тарихтың  тарғыл беттерінен сыр ақтарған құнды жәдігерлер, архивтік құжаттар, кітаптар мен кәдесыйлар көпшілікке таныстырылды.
Қызылорда тарихын тани түсетін танымдық кешке қаланың өсіп-өркендеуіне, мәдени-экономикалық тұрғыда дами түсуіне зор үлес қосқан ел азаматтары қатысты. Олардың қатарында  кезінде қала әкімі қызметін атқарған Жарылқасын Шәріпов, Бақберген Досманбетов, Қожахмет Баймаханов, Айтбай Көшербаев, Серік Қожаниязов, Мұрат Ергешбаев секілді есімі елге белгілі азаматтар бар.
Айтулы кешті елімізге белгілі журналист, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес жүргізді. Жиынның ашылу салтанатында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, онда Қызылорданың өткені, бүгіні және келешегіне егжей-тегжейлі тоқталды.
 – Қазақылықтың қайнары, Алаштың Ақмешіті атанған бұл қала, кешегі өткен алаш қайраткерлері мен ұлт зиялыларының басын қосқан киелі мекен, қазақ тарихындағы талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы, – деді қала әкімі сөз басында.
Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп атап өтті. Сырдария бойын жағалаған қасиетті топырақта ашылмаған қаншама сыр жатыр.
Осындай ұлт тарихындағы ең айтулы кезеңдерді бастан кешірген, қазақ елінің қасиетті мекеннің бірі – Қызылорда туралы өткеніміз бен бүгініміздің бағасын айқындап, болашақ ұрпаққа мол рухани азық болатындай осындай тағылымы мол танымдық шараларды өткізудің маңызы зор. Тарихымызды ұлықтау – өскелең ұрпағымыздың өткенімізді танып, ата-бабадан мұра болып қалған кең-байтақ жерімізге, ұлттық болмысымыз бен тұтас елімізге деген отансүйгіштік сезімін, сүйіспеншілігін арттыруға мол септігін тигізері сөзсіз!
Қызылорда қаласының бүгінін жарқын, болашағын баянды ету жолында талай жылдар тынымсыз тірлік, елеулі еңбек еткен ел азаматтары, аға буын өкілдері ортамызда отыр. Осы салтанатты сәтті пайдалана отырып, Қызылорда қаласының келешегі жолында келелі істер атқарып, елеулі еңбек еткен ел азаматтары, аға буын өкілдеріне, барша қала тұрғындарының атынан зор ризашылық пен шексіз алғыс білдіреміз.
Аға буын өкілдеріне осылайша алғыс білдірген Нұрлыбек Нәлібаев қала жайлы тарих беттерін парақтады. Қызылорда өзінің 200 жылдық тарихында талай тағылымды оқиғалардың куәсі болғаны белгілі.
Осыдан екі ғасыр бұрын – 1818 жылы Қамысқала атты елді мекенде Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі ретінде іргесі қаланған шаһар кейін генерал В.А.Перовскийдің атымен Перовск форты болып аталған. Содан кейін оған қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды. Сол өзгерістерден кейін жиырмасыншы ғасырдың басында,Орынбор-Ташкент теміржолы салынған тұстан бастап, қала халқы жылдам қарқынмен өсіп, қазақтардың ең көп шоғырланған мекеніне айналды.
1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылды. Осы жылы мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарылды. Киелі топырақта Кеңестердің Бүкілқазақстандық V Съезінде Киргиз АКСР-і атауы Қазақ АКСР-і деп өзгертіліп, ұлтымыздың тарихи атауы қайтарылды. Республика астанасы – Ақмешіт қаласын енді Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданған. Содан кейін мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретіндегі қызметін орнықтыруға халқымыздың біртуар перзенттері,  алаш ардақтылары мен сол кездегі қоғам қайраткерлері белсенді қатысқан. Осы уақыттан бастап Қызылордада халықты ағарту ісі, қазақ әдебиеті сынды рухани құндылықтар жаңа қарқынмен дамыды. Солардың бірі ретінде 1929 жылы осы қалада өткен конференцияда көрнекті ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынов қазақ халқына, өзінің алфавитімен бірге халқының сауатын ашу үшін жасаған зор еңбегін алғаш болып осы киелі топырақта жария етті. Сол кезден бастап қазақ халқы латын  әліпбиін қолданысқа енгізді. 1938 жылдан бері облыс орталығына айналды. Сырдың бас қаласында осылайша Алаш қайраткерлерінің, қазақ зиялыларының ізі қалған.
Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда өрлеу мен өркендеудің даңғыл жолына түсті. Халықтың айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыды.  Бүгінде қаламыз Сарыарқа төріндегі – Астанаға қарап бой түзеп, бүгінгі заманға сай жаңа келбетке ие болуда.
Шаһардың шырайлануына, дамуына, құрылысының жандануына көп адам еңбек сіңірген. Екі ғасыр уақыт аралығында қала сан түрлі кезеңді бастан өткізді. Атауы бірнеше мәрте өзгерді. Қызылорданың көркеюі жолында еселі еңбек еткен жандардың есімдері ел есінде мәңгілік сақталады.
Тарихи танымдық кеш барысында Қызылорда қаласының бұрынғы әкімдері Бақберген Досманбетов, Қожахмет Баймаханов естелік әңгімелерін тілге тиек етті. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің профессоры Меруерт Аңсатова Сыр өңірінің тарихы жөнінде тереңнен толғады. Ал, өлкетанушы, журналист Нұрлан Көбегенұлы тәуелсіздік жылдарындағы Қызылорданың рухани өмірі туралы кеңінен айтты.  Қаланың өткен өмірі мен бүгінгі келбеті туралы бейнероликтер көрсетілді.
Айтулы шара барысында  Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалып, бірқатар естеліктер айтылды. Тарих қойнауынан сыр шертілді. Туған қаланың өткені мен бүгіні жас ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық.
Жас өнерпаздар Қызылорда құрметіне жазылған жергілікті ақын, сазгерлердің туындыларын орындады.  Сондай-ақ, А.Тоқмағамбетовтың «Қызылорда» поэмасын «Жастар театрының» әртістері мәнерлеп оқып, мағыналы кештің мазмұнын арттыра түсті.
                                                                Айтолқын АЙТЖАНОВА.
16 сәуір 2018 ж. 1 856 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам