БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
Қаладағы «Тағзым» алаңында «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты митинг пен гүл қою рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, дүйім жұртты айтулы мерекемен құттықтады.
Биыл қазақстандықтар Ұлы Жеңістің 73 жылдығын тойлады.Егемен елдің ертеңі үшінқан майданда қасық қаны қалғанша жан алысып, жан беріскен жауынгерлердің өлшеусіз еңбегі мен көзсіз ерлігі бүгінгі өскелең ұрпағы барда ешқашан ұмытылмақ емес. Керісінше, жыл өткен сайын мән-маңызы мен құндылығы арта түскен бұл мереке жылдан-жылға жоғары деңгейде аталып өтіліп келеді. Себебі, Отан үшін отқа түскендердің ерлігіне тағзым мен құрмет қашанда қалыс қалмаған. Осындай жеңісті күнге қызылордалық сарбаздардың да үлесі орасан. Майдан даласына өңірден 70 мың сарбаз аттанса, соның тең жартысына жуығы елге оралмаған. Ал, қазіргі таңда 37 майдангердің ғана көзі тірі.
Мерекелік жиын қаланың орталық көшелеріндегі «Жасампаз жасақ» шеруінен бастау алды. Жылдағы дәстүр бойынша ұйымдастырылған шеру Орталық алаңнан басталып, «Тағзым» алаңына дейін жалғасты. Ерікті азаматтардан құралған жасақ сапында Ұлы Отан соғысында шейіт кеткен, елге оралып қайтыс болған, Семей-Невада, Чернобыль апаты, Ауған соғысы ардагерлерінің ұрпақтары, батыр аналар мен тәуелсіз елдің жасампаз жастары да бар. Бұл бүгінгі ұрпақтың бағасыз бейбіт күнді тарту еткен жауынгер бабаларының ерлігіне тағзым, оны ұмытпайтындығының бір көрінісі іспетті. Ұлы Олардың ерлігіне тағзым етіп, «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойды. – Бүгін сұрапыл жылдары майданда кеуделерін от пен оққа төсеп, ортақ Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған ата-бабаларымызға құрмет көрсетіп, еске алу күні. Майдан даласында қасық қандары қалғанша шайқасып, қаншама боздақтар азаттық үшін жандарын пида етті. Ортақ жеңіс үшін өмірлерін құрбан еткен қаһармандарымыздың ерлігін мәңгі жадымызда сақтау – біздің азаматтық парызымыз, – деді аймақ басшысы.
Айтулы мерекеде сұрапыл соғыстың сұмдығын көрген қарияларымызға алдыңғы қатардан орын беріліп, лайықты сый-құрмет көрсетілді. Одан бөлек, мереке күндері облыста Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған көптеген патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, 7 мамыр күні Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына арналған «Мәншүк шеруіне» 500 жуық әскер мен колледж студент қыздары қатысты. «Жас Отан» қатарына қабылдау, жас полиция қызметкерлерінің салтанатты ант беру рәсімі сынды шаралар өтті. Сондай-ақ, мерейлі мереке қарсаңында «Жеңіс бәрімізге ортақ!» халықаралық медиаэкспедицияның қатысушылары Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне сапар барысында Қызылордаға ат басын тіреді. Жиын соңында ақ тілектер ақтарылып, бабалар ерлігіне құрмет көрсетілді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.