Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

МЕРГЕН

    Ұлан-ғайыр дала қып-қызыл қанға бөккен сол бір сойқан соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл – 73 жыл. Иә, от пен оққа оранған қан майданда жанын шүберекке түйіп, Отан үшін, елі үшін арпалысқан майдангер біздер үшін ұлағат сыйлар ұлық тұлғалар. Жалындаған жастық шағы қанды қырғынмен өткен оларға бүгінде көрсетілер құрмет ерекше, көзсіз ерліктері өскелең ұрпаққа өнеге.        
  Қожахмет Бектан – сол бір зобалаң зұлматтың қайнаған ортасында жүріп, елі үшін кеудесін оққа тосқан қарт сарбаздың бірі. 1922 жылы  дүниеге келген ол 1942 жылы әскер қатарына шақырылған. Сөйтіп, Ташкенттiң Самарқанд қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ал, екі ай өткен соң сарбаздар майдан даласына қадам басты. Қан майданға аттанған жауынгерлердің қатарында Қожахмет Бектан да бар еді. Бар-жоғы 20 жастан енді ғана асып, нағыз жалындап тұрған шағы. Жауға қаймықпай қарсы шығып, жеңісті жақындатуға күш салды. Берілген тапсырманы да мұқият орындап, көп ішінен көзге түсе бастады. Мергендік қабілеті де жоғары болды. Белоруссия, Украина  аумағындағы майданда алыс қашықтықтан ататын қарумен талай жаудың көзін жойды.     
   – Қарша бораған шайқаста қанша замандас көз алдымызда мерт болып кете барды. Бірі өмір мен өлім арасында болды. Ал, енді бірі көмек қолын созам дегенше жан тапсырып жатты. Сондай ауыр кезең еді, – деп бастады әңгімесін майдангер. – Ол аймақтың қысы адам айтқысыз суық. Соған қарамастан тізеден қар кешіп, мұзды жарып айтылған тапсырманы орындау үшін бәріне де көндік. Себебі, біз үшін – Отан деген сөз ыстық. Алайда, 1944 жылы бастапқы орналасқан шекараға қайта бардық. Сұрапыл соғыстың өршіген сәтінде Польша мен немістер шекарасы  аумағына табан тіредік. Сонда берілген тапсырманы орындадық. 1945 жылы Берлинге жақындаған тұста «соғыс бітті» деген хабар келді. Осы сөзді естігенде сарбаздар жанарларына жас алып, орындарында мелшиіп тұрып қалды. Кейбірі бір-бірін құшақтап жатты. Сарбаздар елге қайта бастады. Пойыздарға кезек-кезек бөлініп мініп, туған жерге тартқан қаруластарға қызыға қарап біз қалдық. Себебі, ел шекарасы тынышталғанша сонда болдық. Бір жылдан соң қайтуға бұйрық шықты. Елге оралатынымызды біліп, төбеміз көкке жетті. Сөйтіп, күз айында туған елге келдік, – дейді кеудесіне медаль таққан қария.                                 
  Расында, ардагер аталарымыздың басынан өткен осынау бір дүрмекті кезеңнің дүбірі келмеске кеткенмен, зардабы әлі өше қойған жоқ. Ол жылдардың жүрекке түскен жарасы, көңілде қалған наласы қаншама! Бүгінде ардагерлерге деген көмек, қолдау көптеп көрсетілуде. Әрине, бұл олардың ерен ерлігі мен еңбегінің өтемі бола алмасы анық. Дегенмен, мұның өзі егеменді елдің еркін ұрпағының қан майданда Отан үшін от кешкен батыр бабаларымызға деген шексіз алғысының бір көрінісі.                  
     – Майдан шебінде жүргенде менің жасым кіші болды. Күн-түн демей қаруларды тазартып, окоп қазып жанталасамыз. Үнемі сақтанып жүретінбіз. Себебі, қай жерден жау шығып қалары белгісіз. «Тревога!» деген зілді дауысты естісек болды, жер бауырлап жатып қаламыз. Төбемізде ұшақтар үнемі бақылау жасап жүреді. Байқап қалса, оқты қарша боратады, одан қалды бомба лақтырып айналаны көк түтінге тұншықтырады. Мұндайда аман қалу қиын, – дейді қарт майдангер сұрапыл жылдарға сәл шегініс жасап.                                                    
   Қанды қырғын жеңіспен аяқталған соң Қожахмет Бектан елге оралып, ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етті. Ташкент қаласына барып, білімін одан әрі жетілдірді. Сонда аграрлық институтта агроном мамандығын алды. Бертін келе шаңырақ көтеріп, Шәкида есімді құдай қосқан қосағымен 10 перзент сүйді. Үлгілі ұл-қыз тәрбиеледі. Бүгінде мәуелі әулеттің ақсақалды қариясы мен әзиз анасы болған олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, құтты шаңырақтың иесіне айналды. Ал, жаужүрек жауынгер бабалардың ел егемендігі жолында жасаған бұл ерлігі ұрпақтар сабақтастығында мәңгі жаңғырып тұрары сөзсіз.
                                                                                           Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
10 мамыр 2018 ж. 1 447 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам