ТАРЛАН ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қолдауымен «Тарлан тарих тағылымы» атты жаңа өлкетану жобасы биыл алғаш рет қолға алынып отыр. Көнеден жеткен ұлттық тарихымызды көпшілікке танытуға бастайтын партиялық жобаның ел игілігі үшін берері мол. Аталмыш шара аясында тарихшы, өлкетанушы, мәдениеттанушы, саясаттанушы, этнограф, археолог пен қоғам қайраткерлері жергілікті жоғары оқу орындарында өлке тарихы туралы дәрістер өткізеді. Сондай-ақ, ішкі туризмді дамыту мақсатында ежелгі ескерткіштер мен көне жәдігерлер, киелі орындарға тур-сапарлар ұйымдастырылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қзыметінде өткен баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес егжей-тегжейлі баяндап берді. Жоба бойынша салт-дәстүрлерді зерделеуге жол ашылады. Бұл бастама аясында ұмытыла бастаған құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ғалымдардың бірыңғай тақырыптық дәрістерін өткізу көзделуде. Мұнан бөлек партиялық жоба шеңберінде «Төл мәдениет пен руханилық», «Бірлік пен келісім», «Отбасы мен дәстүр», «Зияткер ұлт» секілді игілікті істерге маңыз беріледі. Ал, мұндағы «Балаларға арналған ақысыз ІТ-сыныптар» жобасы – болашақ ұрпақ үшін маңызды жоба. – Биыл облыс бойынша 8, келесі жылы 16 мектепте ІТ-сыныптар ашылу жоспарлануда. Облысқа қарасты 7 аудан мен қалада орналасқан оқушылар үйінде бір-бірден аталмыш сыныптар ашылып, жас өрендер бұл бойынша тегін оқумен қамтамасыз етілмек. Жобаның мақсаты – балалар үшін қазіргі заманғы технологияларды қолдану мен білім алудың қолжетімділік деңгейін арттыру. Ағымдағы жылы 8-16 жас аралығында 2250 бала қамтылса, 2019 жылы 6750 өренді аталмыш бағытта ақысыз оқыту көзделіп отыр, – деді Е.Байтілес. Сондай-ақ, бизнес ортаны өңірлерде заманауи тұрғыда жетілдіру шаралары «Геоақпараттандырылған онлайн сервис» жобасы аясында жүзеге аспақ. Ол бойынша өңірдегі кәсіпкерлер бизнестің мемлекеттік қызметтерін электрондық форматқа ауыстыру, дамыған елдердің үздік тәжірибелерін меңгеру, бизестің шығындарын төмендету мүмкіндіктеріне ие болады. Сонымен қатар «Тілдердің үштұғырлығына өту» жобасы ағылшын тілінде ауызша сөйлеу дағдыларын үйрету үшін ауылдағы балалар мен мұғалімдерге арналған тіл орталығын ашуға ерекше ықпал етеді деп көзделуде. Ал, «Қазақстанның кітапханалары» тақырыбымен аталған бастама еліміздің кітапханалар жүйесінде өз жұмысын әлдеқашан бастап кетті. Бүгінде республикалық бірнеше кітап қорлары сандық форматқа көшіп, онлайн жүйесіне ауыстырылу үстінде. Жиын барысында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжасов аталған бастамалардың цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдаумен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталғандығын баса айтты. Алдағы уақытта орталық пен партиялық топ жобалардың нақты әрі нәтижелі жүзеге асуын тікелей бақылауында ұстайды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.