"ЖАС ӨЛКЕТАНУШЫ" ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ ЖОБАСЫ

Аталмыш жоба аясында жас өлкетанушылар Қызылорда облысы тұрғындары арасынан жинақтаған ел тарихы мен мәдениетіне қатысты музейлік маңызы бар құнды жәдігерлерді ү.ж. 24 қаңтарында музейдің жанынан құрылған комиссия мүшелеріне ұсынған болатын. Іріктеу нәтижесінде құнды деп танылған экспонаттардан "Музей. Тарих. Жәдігер" атты көрме ұйымдастырылды.
Жобаның мақсаты - қаламыздағы орта мектептермен тығыз байланыста бола отырып, музей әлеміне балаларды тарту. Ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарымызды келешек ұрпаққа жеткізіп, жастардың санасына сол құндылықтарға деген құрмет, патриоттық көзқарасты қалыптастыру, өлкеміздің тарихына қызығушылығы бар балаларды баулу, үйрету. Аталмыш жоба аясында музей қоры 200-ге жуық экспонатпен толығып отыр.
Шара барысында Сыр елінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге орасан үлес қосқан белгілі журналист Ахат Жанаев сөз сөйлеп жас өлкетанушылармен ой бөлісті. Шара соңында өлкеміздің бай тарихын зерттеуге атсалысқан оқушылар мен мұғалімдер музей басшылығының марапатына ие болды.