ШАБЫТ ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР ФЕСТИВАЛІ
Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізілетін «Burabay Summer Fest» халықаралық балалар мен жасөспірімдердің телевизиялық фестиваліне біздің облысымыз бойынша іріктеу кезеңі мәресіне жетті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен аталмыш шара 22 маусым – 3 шілде күндері аралығында Ақмола облысының Бурабай демалыс аймағында өткізіледі. Өнер бәйгесі еліміздің барлық өңірлерінен дарынды балалар мен талантты жастарды анықтап, оларды жан-жақты қолдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында қолға алынып отыр. Сондай-ақ, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздің ұлттық өнері мен тарихына деген қызығушылықты арттыру, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, қарым-қатынасты дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды.
Фестивальге 10-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Байқау дәстүрлі, академиялық, эстрадалық ән, дәстүрлі, классикалық, эстрадалық өнер, халықтық би, классикалық би, сондай-ақ көркем сөз оқу номинациялары бойынша өтеді. Аталған байқаудың іріктеу кезеңіне Сыр өңірінен 70 үміткер қатысып, 8 жанр бойынша өз өнерін көрсетті.
Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы Әлімжан Әбсадықов, дәстүрлі әнші Шолпан Бимбетова және режиссер Күләш Жанмұратова қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша эстрадалық ән номинациясында Аягөз Аралбайқызы, академиялық ән номинациясында Жаннұр Бердібекова, дәстүрлі ән номинациясында Дильназ Ташмұхаммед, көркем сөз оқу номинациясында Тілек Нұрқожа, классикалық өнер номинациясында Динара Пернебек үздік деп танылды. Үміткерлер халықаралық фестивальге жолдама алды.
Биболат Сәтжан