«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Берік Байкөшенов кәсіптегі жолын бастар алдында ұзақ жылдар бойы вагон депосында қызмет атқарған. Тұрақты табыс пен жайлы жұмысқа үйренген Беріктің өмірге деген көзқарасы төртінші баласы дүниеге келгеннен кейін мүлдем өзгеріп, ол кәсіп ашуға бел буды. Бизнестен еш хабары жоқ Берік Байкөшенов табыс пен құлдыраудың қатар жүретінін білсе де,өз ойынан қайтпай, тек алға қарай ұмтыла білді.
Нарықты зерттей отырып, Берік Байкөшенов жарнама агенттігін ашып,өз жұмысын бастап кетті. Бастауыш кәсіпкер өзқаржатына шағын қондырғы алып, бейдждер, визиткалар, шақыру билеттері секілді бұйымдарды жасап шығара бастады. Тұрақты клиенттер мен тапсырыс санының артуына орай, шағын кәсіпорнына жаңа қондырғы қажеттілігі туындаған Берік Байкөшенов «Даму» Қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына кеңес алуға барып, несие алуға шешім қабылдады. Қор кеңесшісі Шолпан Үндірбаева кәсіпкерге несие алуға қажетті құжаттар дайындауға көмек көрсетіп, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қатысуға кеңес берді. Нәтижесінде, Берік Байкөшенов аталған бағдарлама аясында небәрі 6 %-бен несие алып, баннер шығаруға және көлемді әріптер кесуге мүмкіндік беретін кескіш плоттер мен кең форматты принтер алып,кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды.
- Бизнесті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет, сонымен қатар үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы бекер болады. Бизнесті табысты жүргізу үшін уақытылы оған қаражат құйылу қажет, ал мұндай мүмкіндікті мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы шешу қарастырылған. Барлық мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туралы «Даму» Қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан біліп отыруға болады,- деп өз ойымен бөлісті Берік Байкөшенов.
Айта кететін болсақ, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнес ашуға және оны дамытуға 6 %-бен 19 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.