Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҰЛАҒАТ ЖОЛЫНДАҒЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

ҰЛАҒАТ ЖОЛЫНДАҒЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

  Үлгілі отба­сы – тату елдің тірегі. Олардың ынтымағы, ауызбірлігі берік болса, еліміздің де керегесі кең. «Отан отбасынан басталады» дейтініміз сондықтан. Сондай өнегелі шаңырақтың бірі – Назаровтар әулеті. Қалалық «Мерейлі отбасы» байқауының іріктеу кезеңінен өткен отбасы мүшелері – өзгелер өнеге етуге тұратын азаматтар.                  
                                           Қырық жастың қамалына шыққан отағасы – Есенжол Назаров Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің химия-биология мамандығын үздік тәмамдаған. Өзі білім алған киелі шаңырақта 20 жылдан астам уақыттан бері жемісті қызмет етуде. Бүгінге дейін талай қызметтің тұтқасын ұстап, абыроймен атқарып келеді. Мәселен, 1999 жылдан бері аталмыш университеттің оқытушы және студенттер кәсіподақ комитетінің төрағасы, 2001 жылы жастар ісі комитетінің жетекшісі және ректордың жастар ісі жөніндегі көмекшісі, 2004 жылы жаратылыстану факультеті деканының орынбасары, облыстық «Жасыл Ел» штабының жетекшісі қызметтерін атқарды. Ғылым жолына да соқпақ салып, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-де «Геоэкология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Осындай ғылым мен тәжірибені ұштастырған азамат бүгінде «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқаруда.                   Саналы ұрпақтың білім-тәрбиесіне сүбелі үлес қосқан жанның бұл еңбегі еш ескерусіз қалған емес. Абыройлы азаматқа мемлекет тарапынан талай құрмет көрсетіліп, марапат биігінен көрінді. Елбасының арнайы алғыс хаты, ҚР  Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы, Қазақстан жастар Конгресінің төсбелгісі, облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Ғылым жолында Астана, Алматы, Баку, Германияның Берлин, Дюссельдорф қалаларында білім жетілдіру институттарында халықаралық конференция, семинар мен фестивальге қатысты. 50-ден астам ғылыми-әдістемелік, саяси-әлеуметтік мақалалары жарық көрді.
         Ал, отағасымен бірге жары – Ақмарал Шәріпова 2 қыз, 1 ұл тәр­биелеп отырған аяулы жар, асыл ана. Қашанда дастарқаны жайнап, қазаны қайнап тұратын шаңырақ шаттығын еселеп отыр. Бұл үйден қашанда құтты қонақ арылған емес. Тұрмыс қамын, бала-шаға бабын жасап, қызметте де талай белесті еңсерген Ақмарал «Ұстаздық еткен жалықпас» дейтін жандардың қатарынан. Кезінде екі жастың табысуына да осы мамандық себепкер болыпты.                                                                                   
    – Жұбайым Ақмаралмен 26 жасымда шаңырақ көтердім. Екеуміз де облыстың іргелі оқу ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік унверситетінде білім алдық. Ақмаралды алғаш сонда жолықтырдым. Мен үшінші курста оқып жүргенде ол бірінші курсқа студент болып қабылданды. Сол кезден бастап арамызда махаббат сезімі оянды. Белсенді студент болды. Ән айтатын қасиеті әлі де бар. Университетте өткен талай мерекелік кешті бірге жүргіздік. Сөйтіп, көп ұзамай бас қостық. Осылайша бірлігі жарасқан жарасымды әулетке айналдық. Негізі, біздің әулеттің барлығы дерлік ұстаздық жолды таңдаған. Әкем – Асылбек Назар мен анам – Балдай екеуінің де осы салада 40 жылдан астам еңбек өтілі бар. Біз сол даңғыл жолды жалғап келеміз, – дейді шаңырақтың тірегі бізбен әңгімесінде.           
  Отанасы Ақмарал университте оқытушы қызметін атқарады. «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» демекші қос ұстаздың тәрбиесін көрген бауыр еті балаларының ізденіс жолына деген қызығушылығы айрықша. Үлкендері – Жанерке мен Қылышбай қаладағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік оқушылары қатарында. Ал, сүт кенжесі – Мөлдір №5 И.Панфилов атындағы орта мектептің 3 сыныбында тәлім алады.                                                                 
                 Оқу-біліммен қатар, салауатты өмір салтын берік ұстанатын отбасы балаларының мектебінде жиі ұйымдастырылатын шараларда өте жоғары белсенділік танытады. Мәселен, «Әкем, анам және мен» спорттық сайысының жүлдесін бірнеше мәрте иемденді. Үнемі жан-жақтылықты жаны сүйетін отбасы мүшелерінің бос уақытында өткізетін сүйікті істері де жоқ  емес. Есенжол ағамыз тұмса табиғатты объектив нысанасына түсіргенді ұнатса, Жанерке мен Мөлдір қосымша ән мен биге әуестенеді. Ал, Қылышбай – кішкентайынан теңбіл доптың жанкүйері. Бала арманы алдамапты. Бүгінде ол «Қайсар» футбол клубы жанындағы орталықтың белді ойыншысы.                                                                                                                     
    «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы. Тату тірлігімен көпке өнеге болып келе жатқан шағын ғана шаңырақ ертең-ақ саялы бәйтеректей мәуесін кеңге жайған абыройлы әулетке айналары айдан-анық. Себебі, әкенің өсиетін, ананың тәлімін бойына терең сіңірген Есенжол шаңырақ шаттығын шалқытып, ағайынға ақжарқын пейілін, жақын-жуыққа жанашыр ниетін көрсетіп келеді.

                                                                              Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
22 мамыр 2018 ж. 2 118 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам