ӨНЕГЕЛІ ШАҢЫРАҚТЫҢ ӨРІСІ КЕҢ
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қалалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қорытынды кеші өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, байқау жеңімпаздарын марапаттады. Барлығы 3 кезеңнен тұратын ұлттық конкурстың қалалық кезеңіне қатысуға 18 отбасы ниет білдірген. Ал, іріктеу кезеңінде 5 отбасы көзге түсіп, комиссия мүшелері олардың үй ішімен, тыныс-тіршілігімен танысқан еді. – Мемлекет тірегі – отбасы, әрбір шаңырақтың бақытты, бай-қуатты өмір сүруі еліміздің әлеуметтік әлеуеті деңгейін көрсетеді. Отбасы құндылығына Елбасы да ерекше басымдық беріп келеді. Үлкен алдын кесе өтпеу, қыз баланы сыйлау, қара шаңырақты құрметтеу, ата-ананы қадірлеу – тек біздің ұлтқа ғана тән қасиеттер, – деді қала әкімінің орынбасары. Шара қорытындысы бойынша Көмекбаевтар байқау жеңімпазы атанды. Ал, Назаровтар және Байдәулетовтер әулеті аталмыш шарада үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ, «Салауатты отбасы» номинациясына Тұрабаевтар лайық деп танылды. Ал, Досмахановтар «Өнегелі отбасы» болды. – Отағасы – Шахарбек екеуміздің шаңырақ көтергенімізге биыл 52 жыл толып отыр. Ұлымыз ұяға, қызымыз қияға қонды. Біз 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардан 33 немере, 1 шөбере сүю бақытына ие болдық. Ендігі арманымыз – ұрпағымыз әрдайым жоғары биіктерден көрінсе дейміз, – дейді Ұлжан анамыз.
Биылғы ұлттық байқау ерекшелігі де сол – белсенділік танытқан әрбір отбасы қала әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.