ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІНІҢ САЛЫМШЫЛАРЫНА ӨЗ ДЕПОЗИТТЕРІН САТУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛДІ
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің («Бәйтерек» холдингтінің еншілес ұйымы) салымшылары өз депозиттерін басқаларға сата алады. Бұл онлайн-табыстау жаңа қызметін іске қосу арқылы қолжетімді болды және «ТҚЖБ 24» интернет-банкингіне енгізілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сатылымға жинақ мерзімі 1 жылдан асатын депозиттерді шығаруға болады. Депозитті сату (басқаға беру) құқығы бір рет қана беріледі. «Жыл басынан бері 83 мыңнан астам қазақстандық Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашты. Егер олар тұрақты түрде ақша жинап, банк талаптарын орындаса, яғни ең кемі үш жыл ақша жинап, бағалау көрсеткішін 16-ға дейін жеткізсе, 5% мөлшерлемеде тұрғын үй заемын береді. Банкте мұндай клиенттер көп, бірақ заемге жетсе де, белгілі бір себептермен келісімшартты тоқтатып, жинақты алып кететіндер бар. Дәл осы жағдайда оларға жаңа онлайн-табыстау қызметі кәдеге жарайды. Себебі, жинақ мерзімі жеткілікті есепшотты сатып алғысы келетіндер көп. Сонда олар да ұзақ күтпей, төмен процентпен тұрғын үй заемын ала алады», - деп түсіндірді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова. Қазір депозиттерді жақын туыстарға ғана қайта табыстауға болады. Салымшылар арасындағы алыпсатарлыққа жол бермеу және мемлекеттік бағдарламалар аясында пәтер алу тәртібін бұзбау мақсатында банк бір кездері депозиттерді үшінші тұлғаларға сатуға тыйым салған еді. Онлайн-табыстау қызметін әзірлеу мен іске қосуда бұл жағдай ескерілді. Жаңа тәсілмен сатып алынған есепшоттар көмегімен баспананы тек коммерциялық нарықта ғана сатып алуға болады. Мұндай депозиттермен мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тыйым салынады. Сондықтан, жеңілдікпен әлеуметтік баспана алғысы келетін, уақытылы ақша жинап жүрген салымшылар мүддесі қорғалады. Депозиттерді сатудың жаңа қызметі барынша айқын, ашық және анонимді болады. Депозит сатушы «ЖССБ 24» интернет-банкингінде өз шотын сатылымға шығаратыны туралы хабарландыру жасап, бастапқы бағаны көрсетеді. Ол сатылатын шоттағы жинақтардың жалпы сомасының 20%-нан аспауы тиіс. Мәселен, банк клиентінің шотында 1 млн теңге жиналса, ол депозит үшін 1 200 000 теңгеден аспайтын бастапқы бағаны қоя алады. Депозитті сатып алуға ниет білдірген адам саудаға қатысу үшін онлайн-төлемнің көмегімен 20 000 теңге көлеміндегі кепілдік жарнасын төлейді. Бұл оның шын мәнінде шот алуға ниетті екенін растайды. Осыдан кейін өзіне ыңғайлы хабарландыруды таңдап, депозитті сатып ала алатын бағаны көрсетіп, өтініш жібереді. Бағаның өсу қадамы 20 000 теңге. Сатып алушы ұсынатын ең жоғары үстемеақы жинақ сомасының екі есе көлемінен аспауы тиіс. Өтінімді қабылдау мерзімі аяқталған соң, жүйе жеңімпазды, яғни ең жоғары баға ұсынған адамды анықтайды. Ал басқа қатысушыларға кепілдік жарнасы автоматты түрде қайтарылады. Осыдан кейін депозитке иелік ету құқығын ауыстыру рәсімі басталады. Сатушы құжаттарға қол қойып, депозит ақысы аударылуы тиіс шот реквизиттерін көрсетеді. Сатып алушы да тиісті құжаттарға қол қойып, салым ақысын төлейді. Мұның бәрі онлайн-режимде жүреді. Бұл кезеңде сатып алушы мәміледен бас тартамын деп шешсе, оның кепілдік жарнасы қайтарылмайды, бұл сома сатушыға беріледі. Сатушы бас тартқан жағдайда, депозитті сатып алғысы келген адамға кепілдік жарнасы қайтарылады, ал сатушы 1 ай бойы салымын қайта сатылымға шығара алмайды.. Бұл процеске қатысушылардың мәмілеге барынша байыппен қарап, жауапкершілікті сезінуі үшін жасалып отыр. Депозитті үшінші тұлғаға сату - банктің ақылы қызметі болып саналады. Комиссия құны жинақ сомасының 0,5%-на тең. Ол сатып алушыдан алынады. Қазіргі уақытта онлайн-табыстау сервисі интернет-банкингтің веб-нұсқасында ғана қолжетімді. Қызметтің мобильді нұсқасы әзірленіп жатыр.