Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АЙТАЙЫН ЖАРАПАЗАН ЕСІГІҢЕ...

АЙТАЙЫН ЖАРАПАЗАН ЕСІГІҢЕ...

   Бүкiл мұсылман жамағаты үшiн ең ұлық ай – Рамазанның есігімізден енгеніне де бiрнеше күн өттi.                                                                  
   Осындайда сыныптас достарыммен бірге жарапазан айтуға шыққан күніміз есіме түседі. Ол кезде 4 сынып оқитын едім. Күллі мұсылман жамағатының ислам жолында ауыз бекітетін – ораза айы тақырыбына байланысты сыныпта тәрбие сағаты өтті. Сынып жетекшіміз үздік оқитын бес-алты оқушыға жарапазан жаттатқызған еді. Сөйтіп, ол тәрбие сағаты өткен соң кешкі ауызашар уақытында үй-үйді аралап, жарапазан айтуды тапсырды. Оны нақышына келтіре орындап, екі аяғымыз талып кеш қарая үйге келдік. Сол оқиға күні кеше болғандай жадымда жатталыпты.                 
   Расында, «Айтайын жарапазан есігіңе, ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе» деп басталатын жарапазан өлеңін ілгері жылдарда ауыл балалары үй-үйді аралап, қосылып шырқайтын болған. Қасиетті Рамазан айында айтылатын тұрмыс-салт жырының бұл түрі қазақтың сайын даласына ислам діні кеңінен тарала бастағаннан кейін пайда болып, ұлт дүниетанымына етене сіңісіп кеткен еді. Оны айтудың өзі дәстүрге айналып, соңы көңілді кешке ұласатын. Хақ жолында ауыз бекітіп ниет еткен жандардың ауыз ашатын уақытында ауылдың бір топ белсенді жастары жиылып, домбырамен жарыса жарапазан жырлаған. Аталмыш өлеңнің ол кездегі маңыздылығы жайлы көнекөз қариялардың аузынан бүгінде жиі естіп жүрміз. Десе де, қазір жарапазан айтушылардың қатары азайған. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады.          
  – Бала күнімізде ораза басталар бірнеше күн бұрын шешеміз арнайы жарапазан жаттатып, дайындайтын. Сонымен, жанымызға төрт-бес баланы ертіп, үй жағалай жарапазан айтушы едік. Күн сайын кезек-кезек алмасып айтып, ауыл жағалайтынбыз. Шаңырағына келгеніне риза болған үй иесі қолындағы барымен сыйлап жіберетін. Сөйтіп, жейдеміздің етегін құрт-ірімшік, тәттілерге толтырып алып, кеш қарая бөлісетінбіз. Ол кезде тиын-тебен, ақша беру деген жоқ қой. Ауыл адамдары «Қуыс үйден құр шықпа» деген сеніммен шын бала ниетімен тілек айтқан ойын баласына көбіне тәтті мәмпәсилер беретін. Соның өзіне екі езуіміз екі құлағымызға жетіп, мәз болып қайтамыз. Біз үшін одан артық мейрам болмайтын. Ол уақытта жарапазан мәнiн терең түсiне бермегенмен, әйтеуір жыл сайын келетін ораза айындағы дәстүрлі жыр екенін жатқа білетінбіз, – дейді Бақытбек Құрақбаев есімді ақсақал бізбен әңгімесінде.                                                  Шындығында, ертеде жарапазаншылар келіп, жыр айтқан шаңырақ шаттыққа толып, мерейі тасиды деген сенім болған. Оны Рамазан айының ең бір үлкен жоралғысы ретінде қадірлеген. Ырымшыл қазақ қасиетті Рамазан айында берекенің бастауы, жақсылықтың жаршысы деп жағымды тілек айтушыларға алғысын білдірген. Негізі, әу бастан-ақ ислам діні қазақтың тұтас тұрмысымен, салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткендіктен жарапазан қазақ ауыз әдебиетінің тұрмыс-салт жырларының бір бөлігі ретінде берік қалыптасты. Ел ішіндегі діни білімі бар жыршылар Алланы мадақтап, мұсылманның бес парызының бірі боп табылатын оразаның маңызын, басқа да мұсылмандық шарттарды жырмен кестелеп, оны халық арасында жоғары деңгейде насихаттаған. Әсіресе, ол халқымызда белгілі бір деңгейде дінді кеңінен дәріптеуде, бала-шағаны жастайынан құлағына шариғат қағидаттарын құйып өсіруде үлкен қозғаушы күшке ие болды. Сондай-ақ, ауыз бекіткендердің көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, имандылықты арттыру, береке-бірлікке, ізгілікке шақыруда да ерекше маңызы зор.                                                                                                    
Үлкендердің сөзінше, бұрын жарапазанды қайыршылық туған заманда кәсіпке айналдырғандар да болған деседі. Әйтсе де, бізден бұл үрдіс дәстүрден алшақтап кетпейтіні белгілі. Ал, әдейі осы жолмен оңай нан тапқысы келетіндер туралы дінімізде баса түсіндіріледі.                       Жалпы, жарапазан айту салты көпшiлiк жерлерде бүгiнге дейiн сақталған. Бірақ, бұрынғыдай жоғары деңгейде емес. Десек те, бұл үрдіс республикамыздың оңтүстік аймақтарында жақсы жалғасын тауып келе жатыр деуге болады. Мәселен, Шымкент, Түркістан қалаларында бұл салт әлі күнге дейін әдемі сабақтасып келеді. Ораза айында жол түсіп, жүрдек пойызға міне қалсаңыз да, вагон-вагонды аралап, домбырасын асынып жарапазан жырлайтын жандарды көп кездестіресіз.                                                    
   Ендеше, рухани жаңаруға, түлеуге бастайтын қасиетті Рамазан айында жұртшылықтың жүрегіне жылы, жағымды сөздермен нұр құятын жарапазан жырының жырланбай, ұмыт қалуы әсте мүмкін емес деген ойдамыз.
                                                          Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
29 мамыр 2018 ж. 2 338 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 438 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам