АУРУДЫҢ АЛДЫН-АЛУҒА ШАҚЫРДЫ
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің алаңында «Қызыл түске киін!» атты ұранмен акция өткізілді. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында өлім-жітімнің негізгі себебі жүрек қан тамыры ауруларының алдын алу, болдырмау, зиянды əдеттерден бас тартып, уақытылы дәрігерлік тексеруден өтуге шақыру. Өйткені, қазір аталған дерт әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық саласының ең өзекті мәселесіне айналуда. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын әлем бойынша 17,5 миллион адам аталған дерттен көз жұмады екен.
Ең өкініштісі, ересек адамдарды мүгедектікке шалдықтырып, соңы өлімге әкеліп соқтыруда. Мамандардың айтуынша, бүгінде өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім жиілеген. Оның басты себебі, атеросклероз, жүйке жүйесінің шаршауы, дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсу жатады.
Акция барысында қалалық емханалар түрлі аурулардың алдын алу мақсатында халыққа тегін қызмет көрсетті. Атап айтсақ, №1 қалалық емхананың жасақталған бригадасы 56 адамның артериялды қан қысымын өлшеп, 75 адамның қандағы холестерин мен қант деңгейін тексеріп, медициналық кеңестер берді. Сонымен қатар, халық арасында жүрек қан тамыр ауруларының алдын алу мақсатында сауалнама жүргізіліп, ақпараттық танымдық үнпарақшалар таратылды.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.