ШОТЛАНДИЯ ШЫҢДАҒАН ШЫҒАРМАШЫЛ ЖІГІТ
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапханасында «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Хабар 24» телеарнасының Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Бәйімбетпен кездесу кеші өтті. Шара «Сыр елі және XXI» қоғамдық қорының бастамасымен «Тұлғатану» жобасы аясында ұйымдастырылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын кеңінен насихаттау, жастарды оқуға шақыру, жігерлендіру мақсатын көздеген басқосуда Ғалымжанның тілшілік жолындағы алғашқы ұстазы Гүлмира Әшірбекова алдымен оның студенттік жылдардағы алғырлығын әңгімеледі.
Облыстың іргелі жоғары оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім ала жүріп, тележурналистка саласында еңбек жолын бастаған ол әуелі «Қызылорда қоғамдық» арнасында, одан кейін облыстық телеарнада қызмет еткен. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жас маман сол кездің өзінде-ақ тың идеяларымен, ерекше қабілетімен көзге түсе бастады. Телередакцияда жүріп, қарапайым тілшіден директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді. «Шабыт» халықаралық фестивалінде «Үздік режиссура» және «Үздік бағдарлама» номинациясы бойынша лауреат атанды. Көптеген телевизиялық жобалардың, ток-шоулардың көгілдір экранға жол тартуына ықпал етті.
– Мен Шотландияда медиа менеджмент мамандығы бойынша магистратурада білім алдым. Оны үздік тәмамдап, Ұлыбританияда тілшілік қызметімді жалғастырып жатырмын. Адам армандай білу керек екен. Соған көзім жетті. Қазір оқимын деген жасқа мемлекет бар мүмкіндікті жасап қойған. Тек соны ұтымды әрі тиімді пайдалана білу керек. Тіл үйрену мәселесіне келгенде де, аса ынта-жігер таныта қоймаймыз. Бұл – біздегі басты кемшілік. Оның үстіне қазір тіл меңгеруге келгенде арнайы курстарға да барып қажеті жоқ. Бәрі ғаламторда тұр, аш та өз бетінше үйрене бер. Есесіне, саған әлемді тануға даңыл жол ашылады, – дейді кеш қонағы.
Ал, туған жер мерейін шетелде асқақтатып жүрген Сыр перзентіне дүйім Түркі жұртының абызына айналған Қорқыт бабаның ағаштан жасалған қобызы тарту етілді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.