ҰЛЫ ДАЛА ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Мәңгілік ел және ұлы дала құндылықтары» атты дөңгелек үстел өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара ұлттық рухани байлықтарымызды халық санасында қайта жаңғырту, ұрпақтар арасында кеңінен насихаттау мақсатын көздеді. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Д.Сәтбай, тарих ғылымдарының кандидаты М.Аңсатова, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Б.Ахметбек, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, Т.Медетбаев, мәдени ескерткіштерді қорғау саласының мамандары мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Тағылымды шара барысында ғалымдар халқымыздың ықылым заманнан қалыптасқан асыл мұраларын дәріптеп, текті ұлттың тамыры тереңге жайылған рухани қазынасын сөз етті. Отанын сүю, елін қорғау – әр перзенттің бұлжымас міндеті екені айтылып, Сыр өңірінің керемет жерлері, табиғаты, туған жері, мәдени мұралары, салт-дәстүрі, наным-сенімі жайлы қызықты да әсерлі әңгіме өрбітілді. Шара соңында «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, келушілер еліміздің арғы-бергі тарихын безбендейтін тәлімі мол дүниелерді тамашалады.
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ.