КЕНЕНІҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ҚОРАҢЫЗДЫ ТЕГІН ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАҢЫЗ
Биыл өңірімізде 139 елді мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз деп танылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.
«Соңғы жылдары конго-қырым гемморрагиялық қызбасының энзоотиялық ошақтарының таралу аймағының өзгеруі байқалуда. Бұрын Шиелі, Жаңақорғанда тіркелсе, соңғы 2 жылда Қазалы, Қармақшы, Арал аудандарында кенелердің жұқпалылық деңгейінің артуы байқалады», - деді Әлия Мүтәліпқызы.
Сонымен қатар, өткен жылы кене шағу жағдайымен 565 адам медициналық көмекке жүгінсе, биыл 428 тұрғынға көмек көрсетілген. Яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,2 пайызға төмендеген.
Баспасөз конференциясында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаевтың айтуынша, бүгінде елді мекендердегі тұрғындар арасында кенеден сақтану, аурудың алдын алу мақсатындағы санитарлық тазалау жұмыстары пәрменді жүргізілуде. Санитарлық тазалау қызметі барлық ауылдарды аралап жүр. Сол қызмет түрін тұрғындар қорықпай пайдаланып, мал қора мен тауық кепелеріне дезинфекция жасатып алуы керек. Ең бастысы бұл қызмет тегін көрсетіледі. Бұған тұрғындардың өздері де ынталы болуы қажет деді.
Айта кету керек, аудандардағы санитарлық тазалау жұмыстары 25 маусымға дейін жүргізіледі.