ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ХХI СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Бүгін облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда облысының Қазақстан халқы ассамблеясының «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбындағы ХХI сессиясы өтті. Оған облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің ҚХА кафедрасының оқытушылары, студенттері мен магистранттары, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен белсенділері, оқу орындарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия жұмысы мемлекеттік Гимнмен басталды. Сессияның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Кіріспе сөз облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Қырымбек Елеуұлына берілді.
«Баршаңызды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясының ашылуымен құттықтаймын! Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнінен бастап орасан зор біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, еліміздегі бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде ол – 130-дан астам этностың басын біріктіретін еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Сәуір айының 28-ші жұлдызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік тұғырының бірлігі» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы болып өтті.
Сессия жұмысы барысында еліміз үшін маңызы зор мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Елбасының наурыз айында ұсынған әлеуметтік жаңғыру жолындағы «Президенттің бес бастамасын» ілгерілету бойынша келелі әңгімелер өрбіп, нақты тапсырмалар берілді.
Елбасы өзінің баяндамасында бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталғанын атап өтіп, «оның табысты жүзеге асуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді, бір-біріне сенімін арттырады», - деп ойын ортаға салды.
Сонымен қатар, «жаһандық әлемдегі мықты мемлекеттер – біртұтас ұлттар екені жасырын емес. Олардың барлығы біртұтас бірегейлікке сүйене отырып жаңғырады. Біз де осы жолға түстік», - деді.
Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі әлеуметтік бірлік саясатын, яғни біртұтас Ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды логикалық бірлікпен өрілген қадамдар», -деді. Сонымен бірге бүгінгі сессияда талқыланған мәселелер бойынша бірқатар міндеттерді белгілеп, олардың орындалуы облыстық ассамблеяның жұмысын жаңа деңгейге көтеретіндігін айтып өтті.
Жиын барысында Сырдария ауданының әкімі, облыстық ҚХА мүшесі Ғанибек Қазантаев, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, ҚХА мүшесі, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Нұрлыбек Мыңжас, Қармақшы ауданы, Т. Көмекбаев атындағы № 250 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, облыстық ҚХА мүшесі Альбина Гадирова, «Қызылорда су торабы» 899 пикетінің 3 бөлімшесінің басшысы, Жалағаш ауданының тұрғыны Сейіл Алмурзаев, облыстық ҚХА мүшесі, «Авангард-Мұнай» ЖШС директоры Қанат Абикешев, «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының директоры Аида Керімқұлова, Шиелі ауданы, «Волковгеология» АҚ филиалы, № 23 геологиялық барлау экспедициясының инженер-геологы Андрей Вебер, «Мұрагер» мектебінің 10 сынып оқушысы Евгений Демиденко сөз сөйледі.
Олар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру мен тарату төңірегінде және бейбітшілік пен келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ұрпақ сабақтастығын өркендету, үштілділікті дамыту жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен жүргізіліп жатқан реформаларды қолдап, рухани жаңғыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Алқалы жиын қорытындыланғаннан кейін 31 мамыр саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Чтобы помнили» деректі фильмінің көрсетілімі өтті.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі
ассамблеясының баспасөз қызметі