ӨЗГЕНІ ОЙЛАУ – АДАМДЫҚ БЕЛГІСІ
«Харекет» қайырымдылық қоры «1000 теңгеге баспана» акциясымен Шиелі ауданындағы көп балалы отбасына баспана сыйлады. Құрылғанына 8 айдан астам уақыт болған қор осымен оныншы баспананы табыстады.
«1000 теңгеге» баспана қайырымдылық акциясымен барлық қазақстандықтарды мұқтаж жандарға көмекке қол ұштарын созуға үндеп келген. Қор алғашында Қарағандыдағы Сәтпаев ауылының тұрғынына пәтер кілтін табыс еткен болатын. Енді кезекті баспананың кілтін шиелілік көп балалы ана Индира Бекболсыноваға ұстатты. Оның үй кезегінде тұрғанына 6 жыл болса да, осы уақытқа дейін Шиелі кентінде жеті баласымен пәтер жалдап келген.
— «Харекет» қорына алғысым шексіз. Осындай жандардың барына шүкір. Осындай қуанышты əрбір баспанасы жоқ отбасына нəсіп етсін, - деді ол.
Қордың 7 тұрақты мүшесі бар. Солардан құралған комиссия көмекке мұқтаж адамның жағдайымен жіті танысып шыққан соң барып шешім қабылданады. Жалпы көмекке мұқтаж жанның жайы 1 ай көлемінде тексеріледі. Ал сауаптан үміт еткен әрбір азамат қордың шотына 1000 теңгеден салып отырады. Қордың құрылтайшылары қатысқан жалпы жиында ақылдасып, кімдерге берілетіні шешіледі. Сатып алынған үй немесе жер телімі әлеуметтік желіде жария түрде көрсетіліп отырады.
Бұл ізгі іс әрмен қарай жалғаса береді. Себебі, бүгінде арамызда осы басапанаға мұқтаж қаншама отбасы бар. Ал бұл баспана қасиетті рамазан айында беріліп отырған алғашқы баспана. Бұған дейін айына 2 үй беріліп келсе, осы айда 4 үй тапсыру жоспарланған.
— Барша қазақстандықтарды осы акцияға үлес қосуға шақырамыз. «Көп түкірсе көл болады» деген. Әр азамат садақа ретінде 1000 теңге салса, сол бір баспананың кірпіші деп есептесін. Осылайша, біз баспанаға мұқтаждарға көмек береміз – деді пәтер кілтін табыстаған қор жетекшісі Алғадай Әбілғазыұлы.
Биболат Сәтжан