СЕЗІМ ПЕРНЕСІНДЕГІ САЗДЫ ӘУЕН
Елімізде балаларға арнап ән жазатын сазгерлер саусақпен санарлық. Композитор Сәкен Шынымов – сол санаулылардың санатынан. Балалар шырқайтын әуендер өте нәзіктік пен мұқияттылықты қажет етеді. Сазгер бұл тұрғыдан хас шебер десек қателеспейміз. Оның студент кезінде-ақ ақын Нұрлыбек Саматұлының сөзіне жазылған алғашқы туындысы «Назерке» облыстық композиторлар байқауында бірінші орын иеленген болатын. Сол кезден бері кішкентай бүлдіршіндердің жүрегін әсем сазбен тербеткен ол кісі бүгінде ел алғысына бөленген тарлан талант иесі. Ол 100-ге тарта ән жазса, оның отызы балақайларға арналған.
Айта кетейік, өнер баспалдағын алғаш аттаған кезде қазіргі сахна жұлдызы Гүлнұр Оразымбетова Сәкеннің «Аналарым» әнін орындап, «Таңшолпан» байқауының бас бәйгесін еншілегенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол кезде Гүлнұрды өнер көгіне шырқатып, бағын ашқан тамаша ән бүгінде халық жадында сақталып тұр. Атақты «МузАрт» тобының әншісі С.Майғазиевтің орындауындағы «Айт сырыңды, аққайың» әні – С.Шынымовтың төл туындысы.
Өзге де патриоттық үлгідегі әндері конкурстардан жүлдемен оралып жүрді. Солардың бірі – «Қазақстан». Осы ән 2012 жылы облыстық ұстаз-сазгерлер байқауында ІІ орынды иеленген. 2016 жылы республикалық «Зерек ботақан» журналына «Тәрбиеші апай», «Қазақстан», «Балдәуреннің шаттық әні», «Ана тілім», «Күз әні», «Балабақшам арайлым» әндері басылып шықты. М.Мәметова атындағы оқу орны жинақтап шығарған сазгерлердің оқу әдістемелік кітабына талантты сазгердің үш бірдей әні енгізілді.
Жергілікті ақындар – Е. Қозыбақов, Н. Сафин, Д. Аяшұлы, Р. Наурызбаева, Е. Абдулла, О. Базаралиев, Ш. Бекмағанбетовтің өлеңдеріне жазылған әндері салтанатты кештерде орындалып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуде. Талант иесі әр әнді жарияламас бұрын теңізден маржан тергендей еңбекпен терең сүзгіден өткізіп, көпшілікке ұсынады. Қазақстандық эстрада жұлдыздарының жүрек қалауы Сәкеннің сазды әуеніне түсуінің де құпиясы содан болар. Балалармен ән әлемінің құпиясына бойлаған ұстаздың өзіндік ұстанымы мен терең тәжірибесі бар.
– Кішкентай ұл-қыздарды ұлттық өнерге тәрбиелеу үшін алдымен ана тіліміздегі ән мен өлеңдерді зердесіне тоқуымыз керек. Мектептегі ән-күй сабақтарында тәуелсіздік, халқымыздың салт-дәстүрлері шәкірт бойына мәңгілік сіңіп қалатын патриоттық әндер болуы қажет. Рухани байлық, бабалар тәлімі сәби жүрегіне ән арқылы жетеді. Балаларға музыканы сүйе білуді, ән өнерінің қадір-қасиетін сақтап, ертеңгі күнге жеткізуді үйреткен жөн. Менің мақсатым – бала жүрегін оятатын жаңа үлгідегі әндер жазу. Шығармашылық байқаулар қаншама әнге құмар өреннің жолын ашты. Бала дауысы мектепте жүр. Сол жерден өнерге тәрбиелеу керек. Тәуелсіз елдің кішкентайларына арнап жақсы әндер жазыла берер деген үміттемін. Жақында тойланатын Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына қызу дайындық жасап жатырмыз. Тұғырлы мерекені балалар жүректері лүпілдеп тағатсыздана күтіп жүр. Балауса балдырғандардың ән шырқағандағы балғын жүзі балбұл жанып қуанғаны маған ерекше шабыт сыйлайды,– дейді ол.
Жеті нотадан зерлеп, түрлі әуезді дүниеге әкелген композитор бүгінде қаламыздағы медициналық колледж бен «Сыр жұлдызы» балабақшасында ән сабағынан дәріс береді. Тынымсыз еңбек пен шыңдалған шеберліктің арқасында ол өнерлі шәкірттердің бойындағы шығармашылық талабын оятып, ән айтуға баулып жүр. Жақында сазгер-ұстаз Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінде, қаладағы №144, 173, 264 мектептерде балаларға арнап жазылған әндерінен «Періште жүрек, пәк әуен» атты авторлық кешін өткізді. Онда балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары композитордың жаңа туындыларын нақышына келтіре орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Періште жүректерге пәк әуен сыйлаған сазгер-ұстаз Сәкен Шынымов өнердің туын тіккен қасиетті шаһардың екі ғасырлық мерейлі мерекесіне балаларға арнаған әндерден тарту жасамақ. Бұл сыйлық балақайлардың сыңғырлаған сазды үнімен шырайлана түспек.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.