Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАЗАҚ САХНАСЫНЫҢ СӘБИРАСЫ

ҚАЗАҚ САХНАСЫНЫҢ СӘБИРАСЫ

   Өнер адамының қашанда жаны нәзік, жүрегі таза. Ерекше жаратылыстың да өзіндік себептері бар. Оның ішінде актерлік өнер қиын һәм күрделі. Сахнаға шығып сөйлегеннің бәрі талант емес. Тіпті табиғатыңнан тума талант болсаң да өмір жолындағы бағындырар биікке тер төкпей жете алмайсың. Ол әуелі ананың сүтімен бойыңа дариды. Сол қасиет бірте-бірте дамып, бойыңдағы талант шыңдала келе суреткерлік мінезге айналмақ.
Сондай табиғаты дара суреткердің бірі, Сыр өңірінің перзенті — Сәбира Майқанова. Сырдария ауданында 1914 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген өнер иесінің әкесі Майқан мейірімді, байсалды, көп сөйлемейтін, орта шаруа адам екен. Шешесі Дәмегүл – өр мінезді, келісті-кескінді жан болған көрінеді. Өнер көгінде өрелі биікті бағындырған Сәбира апамыз жастайынан тағдырдың тауқыметін көріп өсті. Әкеден бір жасқа толмай, шешеден жеті жасында айырылған ол кішкентай сіңлісі Зағипа екеуі Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді.
Қандай қиындық та оның жігерін жасыта алған жоқ. Өнерге деген құлшынысы оны театрға жетелей берді. Соның арқасында 1932 жылы қазіргі мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Сол жылдың 23 ақпанында театр директоры Орынбек Бековтың қабылдауында болды. Көрнекті актер  Серәлі Қожамқүлов алдында жүрексіне өнер көрсетіп, «Қараторғай» әнін шырқап берді. Мерейі үстем болды, театр қатарына қабылдады. Бұл жас актрисаның өмірінде үмытылмас бақытты шағы еді. Осылайша, сахнадан өзінің орнын тапты. Қадамы құтты болып, алғашқы өнер көрсетуінен көрермен қошеметіне бөленді. Өнер баспалдағына біртіндеп қадам баса берді. Шығармашылық жолы осы театрдың өсу жолымен бастау алды. Бірінші рет өнер табалдырығын аттаған жас қыздың тырнақалды туындысы – Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Алтынай рөлі. Сахналық өмір жолы Алтынайдан бастау алған ол содан кейін театрдың «Құжат» деген пьесасында кішкене пионер қызды ойнайды. Бұл екінші рөлі еді. Осылайша, шығармашылық жолы тереңнен қалыптаса бастады. Жас актриса өзінің таланты мен еңбегінің арқасында Қызылорданың даңқын асыра түскен еді.
Сырдан шыққан саңлақ– халқымызға ең сүйікті, ең құрметті өнер иесінің біріне айналды. Сәбира деген ұғымда аналық, даналық, мейірімділік, деген ұғымдар қатар жүрді Сахнада алпыс жыл ғұмыс кешкен ол кісі найзағайдай жарқырап, күндей күркіреп өмір кешті. Ең жоғарғы аттаққа ие болды, халық  сүйіспеншілігіне бөленді. Ел анасы, өнер анасы атанды.
Өз рөлін ерекше сүйіспеншілікпен орындай білген оның туындыларын халық ұмытқан емес. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» пьесасындағы Қозының анасы Мақпал бейнесін сомдады. Эстон драматургі Ранеттің «Адасқан ұл» пьесасында адасқан ұлын жоқтаған ана бейнесімен есте қалды. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» туындысындағы Сыбанкүл, Қасым, Майсалбек, Жайнақтай боздақтарынан айрылып, боздап қалған Толғанайды керемет ойнады. 
Сәбира Майқанова – мәңгі өлмес өнер иесі. Театрдың анасы атанған талантты тұлға, өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен әлемдік деңгейдегі алып актриса, ұлт мақтанышы. 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне, М.Әуезов театры труппасының құрамында бірнеше халықаралық театр фестивальдеріне қатысып өнер құдіретін дүниежүзілік шеңберде мойындатқанын бәріміз жақсы білеміз.
 Сахна саңлағының рухын қалай әспеттесек те орынды. Осы орайда қаламызға қарасты Тасбөгет кентіндегі мәдениет үйі Сәбира Майқанованың есімінің құрметіне арналғанын айтып кеткеніміз орынды.
Қайталанбас өнер иесінің Қызылорда жерінен шыққанын мақтан етуіміз қажет. Ол тамаша қасиеттерімен  көпке үлгі бола білді. Бөлекше жаратылған бітімі, биік болмысы әрдайым дараланып тұрады. Оны «қазақ сахнасының анасы» деп бекер атамаса керек. Сондықтан да ол бүкіл қазақтың Сәбирасы атанған аяулы бейнеге айналды.
                                                          Айтолқын АЙТЖАНОВА.
05 маусым 2018 ж. 1 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам