«КӨКНӘР-2018» ЖЕДЕЛ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ БАСТАЛДЫ
Қызылорда облысында «Дельта-Сырдария» арнайы бөлінісі мен республикадағы үздік мамандар және озық арнайы техникалардың тартылуымен ағымдағы жылдың маусым-қазан айлары аралығында «Көкнәр-2018» кең көлемді жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Іс-шараның мақсаты – құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіп-баптаудың алдын алу, героин трафигін жою, сондай-ақ есірткі, оның ішінде жаңа түрлерін таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қою.
«Көкнәр-2018» жедел-профилактикалық іс-шарасы республика көлемінде «Дельта-Сырдария» арнайы бөлінісі мен Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, «Бүркіт» арнайы жасағы, жергілікті полиция қызметі, кинологиялық қызмет орталығы, көші-қон полициясы және т.б. қызметкерлерінің қатысуымен өткізіледі.
Барлық аудандарда жедел-іздестіру топтары құрылып, жергілікті атқарушы органдармен меморандум жасалды, жылжымалы мобильді бекетпен, қажетті техникалық құралдармен жасақталып, тікұшақтар жұмылдырылды. Барлық үйлестіру шаралары қабылданып, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі