СЫР КҮРІШІ ИРАНҒА ЭКСПОРТҚА ШЫҒАДЫ
Үстіміздегі жылдың 21-23 қазанында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация жұмыс сапарымен Иран Ислам Республикасында болып қайтты.
Сырбойылық кәсіпкерлер аталмыш мемлекеттің Гүлістан және Мазандаран провинцияларындағы ауыл шаруашылығы, өндіріс орындарын аралап көріп, Иранның бизнес қауымдастығына ортақ жобаларды таныстырды. Қараша айында ирандық кәсіпкерлер «Байқоңыр» инвестициялық форумына қатысу үшін және қол қойылған меморандумдар бойынша жұмысты бастауға арнайы Қызылорда облысына келеді.
– Елбасының Иран президенті Руханимен саяси келісімдерінің арқасында осындай аймақтық қарым-қатынастарға негіз қаланған. Болашақта бұл елмен бірге сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамытуға мүмкіндік бар. Өйткені, Қазақстанның, Түркменстанның және Иранның бірігіп салған «Жаңаөзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган» темір жолы бар. Ақтау теңіз портының мүмкіндіктері де кеңейіп келе жатыр. Сондықтан біз осыны дұрыс пайдаланып, экономикамызға қажетті жобаларды іске асыруға мүмкіндік алып отырмыз. Біздер өткен жылы Иран күрішінің сортын 70 гектар жерге егіп, жақсы өнім алдық. Қазір Иран республикасы жылына 3 миллион тонна күрішті экспорттайды. Ал оның бағасы біздің күріштің бағасынан 10 есе қымбат. Сондықтан бұл бізге өте тиімді. Қазір Иранға Қызылордадан күріш жеткізу туралы келісімге келдік, Иран тарапы бізбен жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін көрсетіп, тиісті келісімдерге қол қойылды, – деді облыс басшысы бұл жөнінде.
Биыл жыл соңына дейін Иранға 10 мың бас мал жіберу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ирандық әріптестермен Қызылорда қаласында ет комбинатын және жеміс-жидектерді сақтау, жеткізу мақсатында сауда-логистикалық орталық салу көзделуде.
Иранда 80 миллионға тарта адам тұрады. Ет өнімдерін көп тұтынады. Олар импорттайтын қой етінің бір бөлігін Сыр өңірінен сатып алуға дайын. Бұл ретте Қызылорда облысынан біріккен кәсіпорын салынады деп жоспарланып отыр.