ПРЕЗИДЕНТ: СЕНІМ БОЛҒАН КЕЗДЕ БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕДІ
Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге арналған сөзінде екі елдің бүкіл қарым-қатынастары тарихында мемлекет басшылары арасында сенімділік сипатындағы диалог орныққанын атап өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
– Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге өзара сенімді және достық қатынастарымызды нығайта береміз. Елдеріміз арасында шешімін таппаған мәселе жоқ, керісінше, одан әрі даму үшін жолымыз ашық, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ұлттық экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталды.
– Біз 51 жобаға қатысты уағдаластыққа қол жеткіздік. Индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Соның аясында 1200 кәсіпорын аштық. Біздің міндетіміз – шикізат ресурстарына тәуелсіз екінші баламалы экономика қалыптастыру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Брифинг барысында өзара тиімділікті қамтамасыз ету қағидаты негізінде Қазақстанның Қытаймен экономикалық ынтымақтастықты дамытып келе жатқаны жөнінде айтылды. Екі жақты қарым-қатынастар стратегиялық міндеттер және Қазақстан экономикасын дамытудың басымдықтары тұрғысынан қалыптасып келеді. Атап айтқанда, химия өнеркәсібіндегі, тау-кен-металлургия кешеніндегі, машина жасау, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және экономиканың басқа да саларындағы индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Бірлескен жобаларды іске асыру нәтижесінде экспортқа бағытталған әрі жоғары қосымша құны бар жоғары технологиялы отандық өнім өндіретін кәсіпорындар құрылады.
Сонымен қатар, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі отырысының нәтижелері де атап өтілді. Соның барысында екі елдің бизнесмендері жалпы сомасы шамамен 13 миллиард теңге болатын 40 құжатқа қол қойды.
Нұрсұлтан Назарбаев іскерлік топтар мен жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын шаруашылық субъектілер Қытай Халық Республикасымен инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілетудің негізгі драйверлері болып саналатынына назар аударды. Бұл үдерісте жобалық қаржыландыру тетіктері белсенді пайдаланылады. Соған сәйкес жобаның өзі кепілдемелік қамтамасыз етуші болып саналады.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев елдің көлік-транзит әлеуетін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды орындау мәселелеріне тоқталды.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты тереңдетуге Қытайдың мүдделілік танытып отырғанын да атап өтті.
Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында ұлттық валюталармен өзара есеп айырысу жөнінде ұсыныс білдіргені туралы толық әңгімелеп, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен болған келіссөздер барысына тоқталды.
– Сенім болған кезде барлық мәселе шешіледі. Кез келген жағдайда өз еліңнің мүддесін ескеру керек. Келіссөз жүргізу қашан да қиын, сол себепті бұған мұқият дайындаламын. Бұл – халқымның маған жүктеген жауапкершілігі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.