ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ МЕКТЕП ЖОЛЫ
Өркениетті дамытудың ең бірінші қозғаушы күші – білім десек. Мектеп жас өренді болашақ үлкен өмірге дайындайды. Бүгінде облыс орталығындағы бірқатар білім ошақтарының тарихы бір ғасырға жетті.
Солардың бірі – Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия. Алтын ұя кешегінің келбетін естен шығармай, бүгінгінің бағытын ұстанып, болашаққа нық қадам басып келеді. Бір ғасыр уақыт ішінде алтын ұяны сандаған түлектер бітіріп, олар өмірдің әр саласында жемісті еңбек етуде. Білім мен тәрбиені қатар ұштаған тағылым ордасында түлектер көңіл түкпірінен өшірмейтін талай өнегелі істер бар.
Әрбір білім ордасының жүріп өткен жолы – тұнып тұрған тарих. №1 мектеп-гимназиясының іргетасы 1918 жылы қаланған. Алғаш Ақмешіт қаласында тұңғыш ұлдар мұсылман мектебі ретінде ашылады. Содан кейін 1920 жылы Герцен атындағы татар және қырғыз (қазақ) мектебі болып бөлінеді. Аталмыш білім ордасы түрлі кезеңдерді бастан өткізеді. Ол 4 жылдық бастауыш қазақ мектебі болуымен қатар, ер балалармен қоса қыздар да оқыды. Одан кейін жеті жылдыққа ауысады. Осылайша, 1936 жылы жергілікті атқару комитетінің ұйғарымымен 7 жылдық 1 Май мектебі аталады. 1991 жылдан бастап оқу ошағына қала әкімшілігінің шешімі бойынша лицей атағы беріледі. Ал 2003-2004 оқу жылында мектеп ұжымы мен оқушылары үшін ерекше жыл болды. Себебі білім ордасына гимназия статусы беріліп, оған жазушы-драматург, сатирик осы мектептің түлегі Қалтай Мұхамеджановтың аты берілген.
Жүз жыл жасаған мектепте осы уақытқа дейін 27 директор басшылық еткен. Тарих парақтарын зерделеп көрсек оқу ордасын әр кезеңде басқарған Ахмет Пірназаров, Әлкен Иманбаев, Қалтай Мұхаметжанов сияқты басшылар есімдері бұл күнде ұрпақ жадында жаңғырып тұр деп айта аламыз. 2015 жылдан бері мектеп директоры қызметін Данабек Әбдірайымов абыроймен атқарып келеді. Данабек Жақсылықұлы – мектеп басқару ісінде мол тәжірибе жинақтаған басшы. Әрбір мұғалімді, әрбір оқушыны түрлі нәтижелі жұмысқа бейімдеп бағыттап қатыстырады. Олардың әрқайсысынан ортақ іске өздерінің шығармашылық еңбектерімен, жауапкершілік сезімімен, көшбасшылық қасиеттерін үйлестіріп қосып отыруын қамтамасыз етеді. Әрбір басшыға ауадай керек қасиет-коммуникативтік өнерді шебер меңгерген.
– Ел ертеңі – білімді жастар. Осы орайда Елбасының «Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деген даналық сөзі біздің басты қағидамыз. Алға қойған мақсатымыз көп. ХХІ ғасыр рухы мықты жеке тұлғаларын қалыптастыруда оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу жұмыстарын ұтымды ұйымдастыруға мән беруіміз тиіс. Осы бағытта шығармашылық ізденісті жетілдіру арқылы білім сапасын арттыруға мүмкіндік зор. Талай талантты шәкіртке тәлім берген мектептің ұстаздар қауымы әрдайым ізденіс үстінде. Олар болашағынан зор үміт күттіретін саналы, парасатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне ерекше мән береді, – дейді Данабек Жақсылықұлы.
Қазіргі уақытта бұл мектепте 1223 оқушы білім алады. Олардың ішінде білім ордасының мерейін үстем етіп, мақтанышына айналып жүргендер жетерлік. Мәселен, 10 «ә» сыныбының оқушысы Нұрай Нұржан жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық, облыстық кезеңнен 1-орын, республикалық олимпиададан жүлделі 2-орынға ие болды.
2016-2017 оқу жылында түрлі білім, өнер сайыстарынан, пәндік олимпиада, ғылыми жобалардан жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейі көтерілді. Тәжірибелі ұстаздар мен жас мұғалімдер, оқушылар халықаралық ғылыми жобалар байқауына қатысып, арнайы жүлдеге ие болса, республикалық, облыстық түрлі сайыстардан жақсы жетістік көрсете білді. Қалалық пәндік олимпиададан 18 оқушының 1, 2, 3-орындарға ие болуы жүйелі білімді орынды қолдана білудің нәтижесі. Мектептің ардагер ұстазы Ф.Дауытбаеваның оқушысы Маден Мадина математикадан облыстық Асқар Жұмаділов атындағы арнайы сайыстан 100 000 теңге жүлдені ұтып алды. Бұл – ұстаз еңбегінің ақталғандығын айғақтайды.
Бүгінде мектепте 133 мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде жоғары санатты – 40, бірінші біліктілік – 27, ал үштілділік меңгеру бойынша 9 ұстаз білімін жетілдіруде.
Ұстаз жолы – ұлы жол. Қиыны мен қызығы мол осы жолда талай жылғы еселі еңбегі еленгендер жетерлік. Солардың бірі – орыс тілі пәні мұғалімі Сауле Альденова. Қазақстан педагогтер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Үздік педагог- 2017» байқауына ұсынған жұмыстары үздік деп танылғаны үшін Диплом мен және «Құрметті педагог» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, Венера Сарманқұлова оқушыларының ҰБТ көрсеткіштерімен, түрлі сайыстардан, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардан жүлделі орын алуына байланысты жақсы көрсеткіштерге жетті. Соның нәтижесінде облыс әкімінің арнаулы 150 000 теңгелік жүлдесіне ие болып, ұстаз еңбегінің ізгі ілтипатқа ие болу мүмкіндігін көрсетті.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор.
Сонымен қатар, мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау барысында жүйелі жұмыстар жасалып келеді.
– «Туған жер» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, туған өлкенің тарихын, құнды деректерін өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізу мақсатында «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Жас өрендердің бойында патриоттықты, елжандылықты, отансүйгіштікті дәріптеуде көптеген істерді қолға алып келеміз. Мектеп оқушылары арасында ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. Сондай-ақ, үзіліс кезінде қоңырау орнына қазақтың күйі ойнайтын болды. Бұл оқушылардың халық өнерінің терең де нәрлі қасиеттерін бойларына сіңіруге жол ашады, – дейді мектеп директоры Данабек Әбдірайымов.
Қарашаңырақ осылайша ұрпақ бойына білім нәрін сіңіруде. Түрлі қиындықтардан өтсе де әлі күнге дейін өз ұстанымын сақтап келеді. Жүз жыл уақыт аралығында талай толағай табыстарға жетіп, ел мақтаныштарын тәрбиелеп шығарған білім ордасы алдағы кезеңде де қуанышты жаңалықтарымен бөлісе бермек.
Айтолқын АЙТЖАНОВА