БІЛІМ – ЫРЫСТЫҢ ТІЗГІНІ
Тарих беттерін парақтасақ, Сыр өңірінде жергілікті қазақ балаларын оқыту алғашқыда мешіттер мен медреселерде жүзеге асырылды. Алғаш орыс мектебі Перовскіде 1860 жылдың 14 сәуірінде дін қызметкері Андрей Евграфович Маловтың үйінде ашылды. Онда өзі ұстаздық қызметін атқарды. Алғаш білім алуға қызығушылық танытып, 6 ұл, 9 қыз мектептің табалдырығын аттады. 1863 жылдың желтоқсан айында ашылған қазақ балаларына арналған мектеп алғашында 29 оқушы қабылдады.
Одан бергі жылдарда қалада білім беру ұйымдарының қатары көбейе түсті.
Тәуелсіздік алған жылдардан кейін Қызылорда қаласында білім беру жүйесі қызметін жақсартуда тиісті іс-шаралар қолға алынды. Сол бағытта нақты жұмыстар атқарылды. Әсіресе, тәуелсіздікке қол жетіп, ел арқасын кеңге сала бастағанда жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне жоғары деңгейде маңыз берілді. 1991 жылы Қызылорда қаласында 32 орта мектеп, 56 балабақша, 19 мектептен тыс тәрбие мекемелері бар еді. Бұл жылдары педагогикалық озат тәжірибе мектептерінің жүйесі кеңейді. Қалада 14 мектеп пен 7 балабақша үлгі тірек мекемелері болды. Жаңашыл ұжымдардың тәжірибесі және ғылым жетістіктерімен озат тәжірибесі негізінде мұғалімдерді, мектеп басшыларын оқу-тәрбие процесінің озық әдістерін білуге үйрету жолға қойылды. Нәтижесінде білім ошақтары қосымша қаржы табуға бірыңғай бетбұрыс жасады. Жиналған қаржылар мекемелердің оқу-материалдық базасын нығайтуға, оқушылар мен мұғалімдерге қосымша жалақы төлеуге жұмсалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар білім беру саласына елеулі әсерін тигізді. 1996 жылдары облыс орталығында 30 жалпы орта, 5 гимназия-лицей, 2 сегіз жылдық, 2 бастауыш мектеп, 15 мектептен тыс мекемелер, 38 мектепке дейінгі балалар мекемелері бар еді. 1996-1997 оқу жылында оңтайландыру саясаты салдарынан облыс орталығында 4 мектеп, 21 балабақша, 8 мектептен тыс мекемелер жабылып қалды.
Осындай қиындықтарға қарамастан инновациялық әдіс-тәсілдерді мектеп өміріне енгізуді жаңаша білім берудің бір шарты деп түсінген қала мұғалімдері шығармашылығын арттыруға ерекше мән берілді. Орта білім жүйесін ақпараттандыру талаптарына қарай барлық оқу ошақтарын жаңа компьютерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету басты назарға алынды. 2001-2002 жылдары 49 мектепке қомпьютер техникасы орнатылды.
Сонымен қатар, жыл сайын білім мекемелерінің күрделі және ағымдағы жөндеу шараларына бөлінген қаржы мөлшері өсе бастады. 2009-2010 оқу жылында қалалық білім беру бөліміне қарасты 50 мектеп және бір кешкі мектеп жұмыс жасады. Бұл кезеңде қалада білім алып жатқан 41257 оқушыға 4543 мұғалім дәріс берді.
Білім саласындағы білікті мекеме – Назарбаев зияткерлік мектебі. 2013 жылдан бастап елге қызмет көрсете бастады. Ол еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің қатарында он бесінші болып өз жұмысын бастады және оқыту үдерісіне инновацияны енгізу базасы ретінде танылды. Мұндағы педагогикалық қызметкерлер қатарында шетелдік мамандар да бар.
Сырдың бас шаһарын әлемге танытып отырған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қазіргі таңда қіргелі оқу ордасының біріне айналды. Халыққа қызмет етіп жүрген азаматтардың дені – кезінде осы университеттен қанат қаққандар.
Маман кадрлар дайындауда М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің профессор-оқытушыларының құрамы да айтарлықтай үлес қосуда. Тамырын тереңнен тартқан, өзіндік тарихы бар колледждің басты бағыты – бүгінгі заманғы білім беру мен инновациялық дамудың соңғы жаңалықтарын оқу-тәрбие үдерісіне пайдалану. Сондай-ақ, кәсіптік маман даярлауға жаңа технологиялар мен тың идеяларды қолдану. Сонымен қатар, қаламыздағы медицина және агротехникалық колледждер ұжымы дәрігерлер мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға ерекше мән беруде. Мәселен, Қызылорда медициналық колледжі – облыстағы емдеу-профилактикалық мекемелерді орта буын медицина мамандарымен қаматамасыз ететін бірден-бір оқу орны. Еліміздегі денсаулық сақтау және білім беру салаларында жүзеге асып жатқан реформалар мен жаңалықтар ұжымға үлкен міндет жүктеп отыр.
Елімізде жүргізілген ауқымды реформалар жоғары және орта оқу орындары бейнесін де өзгертті. Мәселен, 90-шы жылдардың басынан қаламызда жеке меншік жоғары оқу орындары ашыла бастады. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласында «Болашақ» университеті, Қазақ-Қытай академиясы, «Ақмешіт» гуманитарлық және техникалық заң колледжі, «Қызмет» колледжі, көпсалалы «Ұлағат» колледжі секілді жекеменшік оқу орындары жұмыс жасайды.
Жылдан-жылға Қызылорда қаласында білім саласының көкжиегі кеңейіп келе жатқандығын аңғару қиын емес. Сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасау арқылы аталмыш саланың серпінді дамуына ықпал етуге болады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.