СУДАН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП

Өткен жылы 26 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Өкінішке орай, олардың 7-і бала. Жеткіншектердің көбісі рұқсат етілмеген, құтқару жасағы жоқ орындарда суға түскен. Жаз айларындағы демалыс кезінде әрбір ата-ана балаларының қауіпсіздігі үшін оларды назарынан тыс қалдырмауы тиіс. Осы орайда, мектеп жасындағы өрендерді жүзу басайіндерінде жүзуге үйрету кеңінен айтылып жүр. Мәселен, өткен жылы 2136 бала арнайы орындарда сондай игілікті шараның шарапатын көрді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Арал ауданындағы «»Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталықтарында 208 жас өрендер суға жүзудің қыр-сырына қанықты.
Тұрғындар қала аумағындағы «Мерей» мөлтек ауданы, «Қорқыт ата» кешені және «халыққа қызмет көрсету орталығы» аумақтарында орналасқан 3 жабайы жағажайда суға түседі. Ол жерлерге енді арнайы белгілер қойылады. Сол жерлерден аспау және ең бастысы ата-ана қадағалауынсыз суға шомылуды азайту керек. Мамандар кенеттен келетін қауіптің алдын-алу үшін шаралар жасап отырады.
– Облыс орталығында Арай мөлтек ауданы мен Белкөл кентінің маңында рұқсат етілген 2 жағажай тіркелген. Қазіргі уақытта жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп тұрғындардың арасында судағы қауіпсіздікті сақтауға байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, кісі көп жиналатын су жағалауларында кезекшілікке тұрып, ондағы демалушыларға суға түсу ережелері жазылған арнайы парақшалар таратылады. Бірақ, көпшілігі қатердің алдын алуға тырыспайды. Соңында қайғылы жағдайға душар болып жатады, – дейді төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Әлімжан Марданов.
Иә, күннің ыстығында салқын судың жағасында демалғанға не жетсін. Бірақ, салғырттық адамның түрлі келеңсіз жағдайға ұшырауына алып келеді. Сондықтан қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстағанымыз дұрыс.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.