АРАЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕР АТТЕСТАТ АЛДЫ
Арал ауданның барлық орта мектептерінде орта білім туралы аттестат тапсыру салтанаты өтті. Соның бірі Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейіндегі салтанатты жиын.
Биылғы жылы 37 түлекті үлкен өмірге қанаттандырған мектеп ұжымының салтанатты кешіне аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы А.Елеш арнайы қатысты. Салтанатты шарада сөз алған Р.Өтешов аудан әкімінің арнайы құттықтауын жеткізіп, «Адамзат баласы өмір бойы білім жинайды. Өйткені білім – жалықтырмайтын жол, таусылмайтын қазына. Бүгін Сіздер ізденудің алғашқы баспалдағын аяқтап, келесі биік сатыларына аяқ басқалы тұрсыздар. Ендеше, қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңа тілектеспін!», - деп ақжарма лебізін жолдап, мектеп бітірушілерге аттестаттарын табыстады.
Одан әрі ортада аяулы ұстаздар мен ата-аналар, түлектер өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қария батасын алды.
Атап өту қажет, аудан түлектерінің арасынан биылғы жылы 37 алтын белгі және 13 үздік аттестат иегерлері анықталды. Соның ішінде, аталмыш мектеп-лицейді бітірушілер арасынан 6 түлек алтын белгі иегерлері атанды.