БАҒА БАҒАМЫ

Соңғы уақытта баға жайы қалай? Бұл бағытта қандай шара жасалуда? Бүгінде баға басты назарда. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнының өсуіне жол бермеу мақсатында күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша көктемгі мезгілде азық-түліктің бөлшек саудадағы бағаларымен салыстырғанда пиязбен жұмыртқа бағасы бірнеше пайызға өскен. Сонымен қатар, бөлім мамандарының айтуынша, 11 маусымда қала аумағындағы азық-түлік сататын сауда орындарындағы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар өнімдерінің қымбаттағаны айтылған. Оның ішінде өсімдік майы, қырыққабат, сәбіз және қантта осындай өзгеріс байқалған.
Аталмыш бөлім басшысы Медет Сейілов қанттың өсуіне байланысты былайша түсіндірді. Республикадағы жалғыз монополист «ЦАСК» ЖШС шикізаттың басым бөлігін шет мемлекеттен алады. Сондықтан ол өндірілген өнімнің өзіндік құнына әсер етіп отыр.
Ал, қырыққабат пен сәбіздің қымбаттауы төмендегі жағдайларға байланысты орын алған. Бұл өнімдер көп сақтала қоймайды. Сол себептен өнім қорының азаюы туындап отыр. Өсімдік майы басқа облыстан жеткізіледі. Өнім жоғары бағада келуде. Оған қоса шикізатта біршама азайған.
Базар бағасын тұрақтандыру барысында қазіргі күні «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС нақты жұмыстар жүзгізілуде. Қоймада өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы алынған 1981,7 тонна азық-түлік өнімі бар. Оның ішінде макарон, өсімдік майы, І сұрыпты ұн, күріш, қант, картоп, шәй, қарақұмық жармасы, қырыққабат, сәбіз, жуа өнімдері бар. Олар қоймадан тікелей және қаланың шағын аудандарында орналасқан 14 әлеуметтік, 10 сауда дүкенімен әріптестік келісім-шарт негізінде өткізілуде. Сонымен бірге, азық-түлік тауарларын зауыттан жеткізіп, халыққа арзан бағада сату мақсатында қаңтар айынан бастап 7 әлеуметтік дүкен негізгі қазақстандық өндірушілердің дистрибьютері «Ажар» сауда үйіне беріліп, тиімді бағада сатылуда.
Бөлім басшысы алдағы уақытта 14 дүкеннің санын көбейту мақсатында қаланың әр мөлтек аудандары мен ауылдық елді мекендерде ашудың маңызы зор екендігін атап өтті. Биыл жоспарланған 3 әлеуметтік дүкеннің құрылысы «Саяхат» шағын ауданы А.Айдосов көшесінің бойынан жүргізілуде. «Наурыз» ауданы мен Махамбетов ауылынан салынатын дүкендердің жерінің құжаттары дайындалып, құрылысқа қажетті қаржы көлемі қаралуда. Сондай-ақ, жыл басында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала маңынан жалпы ауданы 40 шаршы метрді құрайтын 14 әлеуметтік дүкен ашуға тапсырма берілді.
Қазіргі күні «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан осы дүкендерді ашу үшін ұсынылған 14 жер телімінің құжаты қала әкімдігі жанындағы жер комиссияның шешімімен бекітіліп беріліп, мемлекеттік жер актісі дайындалуда. Демек, таяуда тауар өнімдерінің баға тұрақтылығын сақтайтын тұрғындар үшін тиімді болатын дүкендер саны арта түспек.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.