БАЗАР БАҒАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Оған орынбасарлары, тиісті сала басшылары, құқық қорғау қызметкерлері, ауыл-кент әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.
Алдымен облыс орталығындағы мемлекеттік рәміздердің жай-күйі туралы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуаныш Жанұзақов мәлімдеді.
– Осы уақытқа дейін қала әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы топ құрылып, басқару нысанына қарамастан шаһар көлемінде орналасқан барлық мемлекеттік мекемелердегі рәміздердің стандартқа сай қолданылуы мен пайдалану жай-күйіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде рәміздер орналасқан 238 мекеме қамтылды, – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, барлық бөлімдерде, кент және ауылдық округ әкімдіктерінде Елтаңбалар толық стандартқа сай ауыстырылды. Оған қоса мемлекеттік рәміздерге арналған ақпараттық стенділері ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес көрнекі орындарға орнатылды.
Дегенмен, тексеру барысында кемшілікке жол берген мекемелер де анықталды. Оның қорытындысымен кемшілік орын алған мекеме мен тұлғаға 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы толтырылды.
Қала басшысы осындай олқылықтардың алдын алу бағытында тиісті шараларды қабылдап, ҚР мемлекеттік рәміздерінің жай-күйіне мекеме басшыларының күнделікті бақылау жасауға көңіл бөлуді міндеттеді. Рәміздерді уақытылы ауыстыру, орын алған кемшіліктерді дер кезінде қалпына келтіру, сыртқы мекеме паспорттарында орналасқан мемлекеттік Елтаңбаны қатаң бақылауға алуды назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Келесі мәселеде қала аумағындағы азық-түлік бағаларының тұрақтылығына ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жүсіпбек Әжібеков тоқталды. Аталмыш бөлім азық-түлік сататын сауда орындарындағы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларына мониторинг жүргізілді. Өткен аймен салыстырғанда 7 өнімнің бағасы көтерілгені анықталды. Оның ішінде жұмыртқа, картоп, пастерленген сүт, 1 сортты ұннан жасалынған нан, 5-9 пайыз майлылығы бар сүзбе, өсімдік майы, тұз бар.
Бағаның көтерілуіне не себеп? Ол жөнінде Ж.Әжібеков:
– Жұмыртқа бағасының көтерілу себебі, облыста құс фабрикасы болмағандықтан бұл өнім негізінен қалаға «Бегімбаев» ЖК арқылы Қостанай облысынан тасымалданады. Қазіргі таңда маусымдық жағдайларға байланысты нарықта жұмыртқаның көтерме бағасы 20-21,7 теңге аралығында, қалаға келгенше 22-23-ке жетіп, сауда орындарында 24-25-тен сатылуда. Бағаның көтерілуі тасымал көліктеріне пайдаланылатын жанар-жағармай бағасының өсуінен, қыс мезгілінде жұмыртқа өнімінің аз өндірілуінен және солтүстік облыстардағы өндірілетін өнімінің Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттеріне көп мөлшерде экспорталуынан болуда, – деді.
Картоп бағасында да біршама өсім бар. Аталмыш өнім бағасын тұрақтандыру мақсатында «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС айналым қаражаты есебінен Қостанай облысынан 200, басқа өңірлерден 120 тонна картоп алуға қол жеткізді. Ол өнімдер «Мирас» сауда үйінің қоймасы мен әлеуметтік дүкендер арқылы 110 теңгеден сатылуда.
Сонымен бірге, облыс орталығындағы 13 әлеуметтік дүкендердің азық-түлік бағаларын тұрақтандыруда алатын орны ерекше. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басшылығының келісімімен биыл 5 әлеуметтік дүкеннің 1-уі «Шанхай», 1-уі «Арай-2» мөлтек аудандарында ашылды. Жыл аяғына дейін қалғаны «Саяхат» мөлтек ауданы, Ақсуат ауылдық округінің «Наурыз» саяжайлар кешені, Әл-Фараби көшесіндегі №261 мектеп жанынан салынуы межеленіп отыр.
Осындай дүкендердің санын көбейту мақсатында кент және ауылдық округтерінің әкімдері қалалық жер қатынастары бөлімімен бірлесіп өз аймақтарынан қосымша орындар белгілеу қажеттілігі туындап отыр.
– Қала халқын маусымдық аралық кезеңдерде көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жылыжай өндірісінің алатын орны маңызды. Осыған орай шаһардың батыс бөлігінен «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ есебінен 5 гектар жерге құрылысы жүргізілген 120 жылыжай кешенін «Натишаева» жеке кәсіпкері мен «ORDA» шаруа қожалығы лизинг арқылы алып, іске қосуда, – деді Ж.Әжібеков.
Алдағы уақытта жылыжай шаруашылығын дамыту үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландыруымен «КазАгроМир» ЖШС жалпы құны 1 млн. 635 мың еуро тұратын, көлемі 1,6 гектарды құрайтын жылыжайдың құрал-жабдықтары қазіргі таңда қалаға жеткізілуде. 2017-2021 жылдар аралығында жүзеге асатын жобалар бойынша келер жылдан бастап жылыжай құрылысы жүргізіліп, іске қосылатын болады.
Осы орайда шаһар басшысы жылыжай санын көбейту керектігін тапсырды. Оған қоса коммуналдық сала, тәртіп бойынша тиісті орындарға қатаң талап қойды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.