САЛЫҒЫН УАҚЫТЫЛЫ ТӨЛЕМЕГЕНДЕР ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРЫЛМАЙТЫН БОЛДЫ
Салық төлемегендер шетелге шыға алмайды. Енді мемлекетке берешегіңіздің құны 50 мыңнан асса, шекара асуға тыйым бар. Қазақстанда салығын төлемеген төрт мыңнан астам борышкер қара тізімге ілінді, ал олардың жалпы саны бір жарым миллионға жеткен. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Әділет басқармасы қарыз төлеуді ұмытқандар үшін әуежайларда терминалдар да орнатып жатыр.
Алматылық Нұрлығазы Алтыбаев салығының кесірінен шетелге шыға алмады. Грекияға барып-қайтар ұшақ билетін сатып алып, ұшарында оны өтелмей қалған салығы үшін шетелге шығармай қойған. Салдарынан Нұрлығазының билеті мен туристік жолдамасы күйіп кетті.
"Мен жыл сайын төлеп тұратынмын салықтарды уақытылы. Маған ешкім ескерткен жоқ. Ал, төлей салайын десем терминал жоқ. Салықтан 60 мың теңге төлемегенімді білдім. Алпыс мыңға бола шетелге бара алмай қаламын деп ойлаған жоқпын", - деді Нұрлығазы.
Жауапты тұлғалар салық төлеуді «ұмытып» кететіндер үшін әуежайларға терминалдар орнатып жатыр. Ол арқылы тек алимент бойынша қарызы бар адамдар ғана төлем жасай алмайтын көрінеді.
"Қазақстанда Алматы, Шымкент, Қарағанды, Астана қалаларындағы әуежайларға терминалдар қойылды. Әр адам ұшардың алында салығы барын білген жағдайда, сол терминалдан төлейді", - деді Алматы қаласы Әділет басқармасы басшының орынбасары Берікбол Сәменов.
Республикада халық көбінесе мүлік, жер, көлік салықтарын төлеуде баяушылық танытады екен. Жауапты тұлғалар демалысқа шықпас бұрын қарызының бар-жоғын тексеріп алуға кеңес берді.
"Жаңа өзгерістерге сәйкес, біз енді сотқа жібермей, өзіміз салық бұйрықтарын шығарамыз. Ескертеміз. Отыз күн күтеміз. Сосын сот орындаушыларға жібереміз. Ал, сот орындаушыларының өзіндік пайыздары бар. Оларға 25 пайыз қосып төлейсің. Сондай-ақ, түрлі шектеулер қояды", - деді Медеу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Алмас Жандарбеков.