Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «БОЛАШАҚТЫ» БИІК ЕТКЕН БАҚБЕРГЕН

«БОЛАШАҚТЫ» БИІК ЕТКЕН БАҚБЕРГЕН

    Дария үстінен иіліп, сол жағалаудағы жаңа қалаға даңғыл жол салған көпірден әрі қарай асып түссеңіз, қарқынды құрылыс алаңына тап боласыз. Бес аспабын асынған құрылысшылар тынымсыз еңбек етіп, жүк көліктері арлы-берлі ағылып жатыр. Мойынын көкке көтерген крандар айналасын ақ түтек шаңға орап ыңырана қозғалып барады. Төңірек түгел қызу қайнаған тіршілік. Жаңа инвестициялық аймақтан салынып жатқан шаһардың осындай қарқынын көріп, бұрынғы бетегелі белдің көз алдымызда лезде жайнап келе жатқанын аңғарасың.                      
   Ал, көпірдің тура сол жақ сағасында «Болашақ» университеті бой көтеруде. Жаңа сипаттағы бас оқу ғимаратының өзі А, Б, Г блоктарынан тұрады. Жалпы көлемі 18 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Одан бөлек мұнда әр факультеттің жеке оқу корпустары, студенттер үйі, профессор-оқытушылардың тұрғын үйі, балабақша, ойын-сауық орталығы, 1000 орындық конгресс орталығы, стадион, дендросаябақ салынбақ. Мұның барлығы алдын ала нобайы бекітілген 10,8 гектар жерге орналаспақ. Ал, қазір 12 қабатты бас оқу ғимараты мен оның екі қанатындағы 6 қабатты корпустың құрылысы қарқынды түрде жүруде. Құрылысшылар қаптау, вентиляция, электр желілері мен жылу-су жүйелерін жүргізу үстінде. Ал, нысанның құрылыс жұмыстарын астаналық бас мердігер «Монолит-Позитив» компаниясы өз жауапгершілігіне алған. Аталмыш салада мол тәжірибесі бар серіктестік бүгінде нысанның сапалы тұрғызылуына күш салып отыр.                         
      Құрылыс алаңына барғанда бізді «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бақберген Досманбетовтің өзі қарсы алды. Егемен ел экономикасын дамытатын болашақ мамандарды дайындайтын жастар қалашығын салу да осы кісінің өзінің идеясы. Әрбір қағылған шеге сапасын тікелей өзі бақылауда ұстап отырған ол нысан ішін аралатып, бізді жұмыс барысымен таныстырды.                                
– Таңнан кешке дейін құрылысшылармен бірге осы жердемін. Басы-қасында жүріп, қадағалап отырмын. Қаланың мерейтойы қарсаңында осы бас ғимараттың негізгі бөліктері пайдалануға беріледі. Ал, қалған жұмыстар желтоқсан, қаңтар айларына дейін жалғаса береді. Мен қашанда сапаға мән берген адаммын. Құрылыс материалдарын таңдауда да арзанын алып, ақша үнемдеген емеспін. Гранитті Қытайдан алдырттым. Әйнек Ресейден келді, ал терезесі Шымкентте жасалды. Әйнекті сырттан әкелуімнің өз себебі бар. Ол қыста салқынды, жазда ыстықты ішке өткізбейді. Ыстық ауа райы кезінде оның сыртқы беті күйіп тұрғанымен, ішкі жағы өзінің қалыпты температурасын сақтап тұрады. Терезелердің өзі арка тәріздес шығыс стилінде жасалып жатыр. Ал, қалғаны Қырғызстан мемлекеті, Астана, Ақтөбе қалаларынан келді. Арасында жергілікті жерден шығатын материалдар да бар. Қазір 40-тан астам құрылысшы еңбек етіп жатыр. Алдағы уақытта тағы 30-дай жұмысшы тартылады. Бес-алты ірі техника жұмыс жасауда, – дейді нысан иесі Бақберген Досманбетов.                                            
                Университет ғимаратының сәулеттік жобасы да ерекше. Көптеген шетелде болып, әлемнің озық архитектуралық үлгілерін көрген ол жинаған тәжірибелерін ұштастыра отырып, нысанның сәулеттік көркемдігіне аса мән берген. Мәселен, мұнда бас сұққан адам ғимараттың атриум тәріздес салынған 3 қабатын бірден тамашалай алады. Ал, сол жағындағы дәлізде ұзына бойы гүлдер аллеясы отырғызылып, шағын су бұрқақтар орналасады. Яғни, студенттердің үзілісте табиғат аясындай отырғандай еркін тынығуына бар жағдай жасалмақ. Сондай-ақ, алдағы бір ай көлемінде осы бас оқу ғимаратына жапсарлас өз алдына 2 этажды нысанның құрылысы басталады. Оның алғашқы қабатында асхана, жоғарысында кең оқу залы ашылмақ. Ал, Бақберген ағайдың айтуынша, жастардың спортпен еркін шұғылдануы үшін өз алдына бөлек стадион, спорт залдары салынбақ. Сонымен қатар, ғимараттың ең жоғарғы қосымша 14 қабаты саналатын күмбезінде түрлі іс-шараларға арналған салтанат сарайы есігін ашпақ. Биіктігі 4 метрді құрайтын нысан дөңгелек киіз үй тәріздес кейіпте салынбақ. Ал, этаждар арасында арнайы заманауи бағытта жабдықталған лифтілер жұмыс жасайды.         
 – Мен осында құрылыс жұмысы басталғаннан бері еңбек етіп келемін. Дәнекерлеуші болып жұмыс жасаймын. Қаладағы «Болашақ» университеті, оның медициналық колледжінің де салынуына үлес қостым. Бақберген аға бір командамен жұмыс жасағанды ұнатады. Шамасы, сапалы жұмыстарымыз көңілінен шықса керек,  – дейді Бабыр Раджапбаев есімді құрылысшы.                                          Қазір құрылыс жұмыстарының 60-70 проценті дайын тұр. Университеттің кіреберіс алдына бірнеше сатылы баспалдақ түспек. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус та назардан тыс қалмаған. Сондай-ақ, келушілерді алдымен ұзындығы 8 метр, биіктігі 4,5 метрді құрайтын түрлі-түсті жарықшамдармен безендірілген үлкен субұрқақ қарсы алады. Қазірдің өзінде мұнда бірнеше мың түп көшеттер отырғызылып, тал егілген. Осылайша алдағы 5-6 жыл көлемінде бұл маң жайнаған жасыл желекке айналмақ.                  
          Сол жағалаудағы серпінді істердің бастауындай болған бұл оқу ордасы күз айында қос ғасырлық тарихы бар Қызылорданың мерейлі мерейтойына тарту етілмек. Алғашқы талапкерлерін де алдағы жаңа оқу жылынан бастап қабылдауға әзір. Ал, келесі жылдан бастап аталмыш университет даярлайтын жаңа мамандықтар қатары толыға түспек.
                                                                                            Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
25 маусым 2018 ж. 1 125 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам