СЫРБОЙЫЛЫҚ ТҮЛЕКТЕРГЕ БІЛІМ ГРАНТТАРЫН БӨЛМЕК
Қызылорда облысының әкімдігі Еуразия экономикалық одағы Парламентаралық ассамбеясының жанындағы университетпен әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында Еуразия экономикалық одағының (ЕуразЭО) Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет қызылордалық мектеп бітірушілерге жыл сайын білім гранттарын бөлетін болады.
Астана қаласында Қызылорда облысының әкімдігі мен ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет арасында әріптестік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Кездесу аясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді оқытып, жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа баллы бойынша біздің облысымыз қазір үздік 5 аймақтың қатарында, ал 5 жыл бұрын соңғы 16-шы орында болатын. Ресейдің жетекші техникалық университеттерімен тығыз байланыс орнатудың арқасында бүгінгі күні 452 мектеп бітірушіміз Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларда үзік жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл студенттердің алғашқы легі диплом алады, олардың жұмысқа орналасу мәселесін біз алдын-ала пысықтап жатырмыз», - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, Университет ректоры Ирлан Искаков ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейтінін және 1997 жылы құрылғанын айтты. Университет құрамында 3 институт, 4 факультет пен 17 кафедра бар. Негізгі мамандықтары - «Бизнес-информатика», «Юриспруденция», «Сервис», «Туризм», «Экономика», «Менеджмент», «Кеден ісі», «Жарнама және жұртшылықпен байланыс», «Конфликтология», «Дизайн», «Қолданбалы көркемөнер және ұлттық кәсіпшілік», «Сауда ісі», «Психология».
«Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып кадрларды дайындау саласында әріптестік орнату бойынша ұсынысымызға келіскеніне өте қуаныштымыз. Қазіргі таңда мамандарды даярлау мәселесінде жеке көзқарас тиімді. Биыл университетімізде қосылған жаңа бағытарының бірі – бизнес-информатика. Бұл мамандық аясында студенттер цифрлық экономика дамыған заманда өзекті салалалырының бірі – блокчейн мен криптовалюталарды зерттейтін болады», - деді Ирлан Искаков.
Сонымен қатар, Университет өкілдері қызылордалық мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлерді Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Иванович Алферов басқаратын Еуразиялық ғылыми форумға қатысуға шақырды. Форум жыл сайын күзде ТМД елдерінің қатысуымен өтеді.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университетінің ректоры Ирлан Искаков әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында тараптар бірлескен іс-шаралар мен жобаларды қолға алып, университет оқуға түсу сынақтарынан сәтті өткен қызылордалық түлектерге жыл сайын 10 грант бөлетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап Мәскеу болат және қорытпалар институты, Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университеті, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті мен И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті қызылордалық түлектерді аймаққа қажетті мамандықтар бойынша оқыту үшін гранттарды бөліп келеді.
Атап өтейік, биылдан бастап қызылордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық процестерді модельдеу» мамандықтары бойныша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына 20 грант бөлінетін болады.
Одан бөлек, сырбойылық жастарды Қазан қаласындағы «Иннополис» университетінде оқыту туралы келісім жасалды, Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарлануда.
Сондай-ақ, жыл сайын облыс әкімінің гранттары есебінен 100 жуық ауылдық жердегі аз қамтылған отбасылардан абитуриенттер білім алып жатыр, қазіргі таңда грант иелерінің саны 700-ге жетті. Биылғы жылы грант санын 200-ге жеткізіліп, оның 70 пайызы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бағытталатын болады.