КӨРКЕМ ЖАЗУ ҰҚЫПТЫЛЫҚҚА ҮЙРЕТЕДІ
Көркем жазу оқушының мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күнінен басталады. Оны меңгерудің әр бала үшін маңызы өте зор. Ол –мәдениеттің белгісі әрі сол жазуды оқитын адамға көзқарасы. Оның негізгі мақсаты – дұрыс, анық және тез жазуды қалыптастыру.
Мектептегі оқыту үрдісі сауат ашудан басталады. Бұл – аса жауапты да, күрделі жұмыс. Өткені ол кезеңде оқушылар дыбысты әріппен таңбалай білуге үйретіліп қоймайды. Сонымен бірге каллиграфиялық талапқа сай жазуға дағдылануы тиіс. Демек, сауат ашудың міндеті – әріпті жаза білуге үйрету емес, оның әрбір элементін дұрыс сақтауға, дәптерге қалай болса солай жазбай, оңға қарай, біркелкі көлбе, таза, анық жазуға машықтандыру. Осы талаптарды орындау негізінде оқушының көркем жазу дағдысы қалыптасады.
«Әдемі жазу – өнер» дейді мамандар. Таза, анық, әдемі жазуды оқу да жеңіл. Әріп таңбасын әдемі, көркем етіп салуға жаттықтыру мақсатында жүргізілетін жұмыстардың оқушы бойында жақсы қасиеттің қалыптасуына ықпалы бар көрінеді. Мәселен, мектепке алғаш келгеннен бастап, баланың жазуына жете көңіл бөлу қажет. Олай болмаса көп жағдайда оның өз ісіне салдыр-салақ қарауына, жауапкершілікті сезінбеуіне әкеп соғады. Таза, әдемі жазуды талап ету оқушының әсемдік сезімін оятып, мінез-құлқын тәрбиелеп, тыңғылықты болуына, ұқыптылыққа үйретеді.
Бұл әдіс – тікелей жазу тарихымен байланысады. Ежелден адамдар өз ойын келер ұрпаққа жеткізу үшін тасқа, металлға, ағашқа, саз балшыққа жазған екен. Одан кейін папирус, пергамент, матаға, қағазға маржандай етіп тізуді үйренеді. Сосын жазу қарулары да өзгереді. Олардың қатарында қамыс ағаш, бояу жаққыш, қаздың қауырсыны, болаттан жасалған қалам ұш, шарик қаламсабы бар.
Негізінен, әдемі сұлу жазудың іргетасы 1, 2-сыныпта құйылады. Сол кезде жазуын жөндемесе одан кейін бәз қалпында қалып қоюы мүмкін. Кейін ретке келтіру қиын болады. Оның қалыптасуына мұғалім ғана емес, оқушының жеке ерекшелігі де әсерін тигізеді. Ең алдымен баланың әдемі жазуға деген ынтасы болуы қажет. Ол үшін жаймен жазудан бастау талап етіледі. Тез жазып үлгеремін деп жазу баланың каллиграфиясын бұзады. Сондай-ақ, жазу процесінде оқушы дұрыс отыру керек, қаламсапты жөнді ұстауы, дәптерді партаға орналастыру, осының әрі баланың көзіне, жазуына жұмыс қабілетіне әсерін тигізеді.
Елімізде көркем жазу – міндетті сабақтың бірі. Даярлық сыныбына баратын балаларға «Сауат ашу» пәні оқытылады. Бұл – көркем жазудың жеңілдетілген түрі. Ал бірінші сыныпқа барған оқушыға қосымша «Көркем жазу» сабақтары үйретіледі.
Бастауыш сыныпқа алты жылдан бері сабақ беріп келе жатқан Самал Қосжанованың айтуынша, көркем жазу баланың әріпті қабылдап, тез меңгеруіне жақсы әсер етеді.
– Мен балаға қалам ұстап үйреткенді ұнатамын. Алты-жеті жастағы бала алғаш мектепке келгенде қолына қалам алып, жаңадан таныған әріптерін қағазға түсіреді. Бұл арқылы ол әріптерді тез есте сақтайды. Жалпы, баланың қолына қалам алып, жазуды үйренгені абзал. Қаламмен жазу баланы ұқыптылыққа үйретеді. Осылайша әр баланың өзіндік стилі қалыптасады, – дейді Самал апай.
Қорыта келе «Ғылым қалғып кетсе, қараңғылық бас көтереді» дегендей, заман талабына сай жаңа технологиялармен жұмыс жүргізу алдымызда отырған бала тәрбиесіне зор ықпал ететіні белгілі. Қазір ақпараттық технологиялардың даму қарқынының басымдылығынан барлық жазу үрдісі компьютермен қамтылған. Көркем жазу емлесі біз үшін, болашақ жастарымыз үшін ешқашан қалыс қалмау қажет. Қарыштаған заманда қалыптасқан сауаттылықты ұмытпауымыз керек-ақ.
Айтарымыз, көркем жазу – саналы ұрпақ тәрбиелеуде маңызды іс. Рас, бүгінде елдің көбісі комьютерге үңілетін жағдайға жетті. қолына қалам ұстауға құлқы жоқ. Оның зардабы көп. жазуы ойқы-шойқы оқушылар көбейеді. Ойланамыз. Көркем жазу көзден таса қалып бара ма? Қолға қалам алып, ақ қағаздың бетіне ағыңнан жарылған ой-пікіріңді маржандай тізіп жеткізу ерекше сезімге бөлейді емес пе?
Айтолқын АЙТЖАНОВА.