ЖАНАРСЫЗ ДА ЖАРЫҚ ӘЛЕМ
13 қараша – халықаралық зағиптар күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1992 жылдан бері аталып өтетін бұл күннің олар үшін өзіндік орны бар. Тағдыр соқпағымен маңдайына жазылған қиындыққа мойымай, жігерлі қасиетімен алға қадам басқан олардың қоғамның толыққанды бір мүшесі екенін сезінуі өзіне қайрат қосары сөзсіз. Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана ұжымы атаулы күнге орай «Жанарсыз да жарық әлем» тақырыбымен өткізген бедерлі брайль жүйесі бойынша жазудан сайысты тамашалай отырып осындай ой байлам жасадық.
Луи Брайль есімі – тағдыр жазуымен жанарынан айырылған жандар үшін жақсы таныс. Француз елінен шыққан ол 3 жасында жазатайым оқиға салдарынан көру мүмкіндігінен айырылады. Әкесінің қолдауымен жазу-сызуды үйреніп, музыка өнеріне машықтанады. Ізденісі мен талпынысы арқасында зағиптар арасындағы үздік оқушы атанады. Ал, 12 жасынан бастап көз мүгедектерінің әліпбиін жасауда тәжірибе жүргізуді бастайды, 15 жасында түрлі комбинациядан тұратын 6 нүктелі әріптен құралған әдісін аяқтайды. Осы әдіс арқылы зағиптарға жазу-сызуды, оқуды үйретеді. Мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан өзі оқыған соқыр балаларға арналған корольдік институтта сабақ береді. Өзі әзірлеген әдіс бойынша 1829 жылы шағын кітапты жарыққа шығарды. Көз мүгедектеріне жаңа мүмкіндіктер ашылды. Үнемі өзі секілді жандардың қамын ойлап жүретін Луи олардың жұрт қатарлы сауатты, өнерлі болуы үшін барынша еңбек етті. Тіпті, кіші топтағы студенттерге арифметика, география, грамматика, музыка пәндерінен де дәріс берді. Осылайша жанарсыз жандардың жарық әлемді тануына барынша жағдай жасайды.
Бүгінде бұл әдісті әлемнің барлық елдеріндегі зағип жандар қолданады. Біздің елімізде бұл бағыттағы мектеп тек Алматы қаласында орналасқан. Дегенмен, аталмыш кітапхана жанынан ашылған «Брайль» үйірмесі өңірдегі зағиптардың жазу-сызуды үйренуіне мүмкіндік беруде.
– Бедерлі Брайль жүйесі – зағиптар үшін өте тиімді әрі қажетті дүние. Бүгінде облыс көлемінде осындай тағдырлы 1000-нан астам адам болса, соның барлығы дерлік осы әдіспен кітап оқуды, жазуды үйренеді. Бұл тәсілді игеруге бізге көбіне 30-40 жас шамасындағылар жиі келеді. Жуырда кітапхана жанынан жаңа дыбыс жазу студиясы ашылды. Ендігі оларға қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен кеңінен танысуға мүмкіндік туды. Жалпы, кітапхана – көз мүгедектері жиі келетін мәдени ошақ. Сондықтан әрбір атаулы күнге байланысты мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Оған мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысу белсенділігі жоғары, – дейді кітапхана директоры Нұрлан Бақтияров.
Сонау 1969 жылы ашылған кітапхана аймақтағы көз мүгедектеріне жарты ғасырға жуық уақыт қызмет етіп келеді. Мұндағы басты мақсат –оларды қоғам өміріне тарта отырып, сауат ашуына, ізденіс жасауына жағдай жасау, оларды белсенді өмірге қалыптастыру. Жаңа ғимаратқа көшкен соңғы алты жыл көлемінде руханият ордасы тағдыр тауқыметін тартқандарға заманға сай барлық қызмет түрін ұсынады. Бүгінде кітапхана қорында 28 мыңға жуық рухани дүниелер сақталған. Олардың ішінде дыбыстандырылған СД дискі кітаптар, нүктелі-бедерлі және жайпақ баспа әдебиеттер де бар. Мұнда «Брайль» үйірмесінен бөлек «Сырласу» клубы жұмыс жасайды. Қанаты енді қатаяр тұста жанары суалған жастардың өзін қоғамның толыққанды бір мүшесі екенін сезінуіне, ондағы тыныс-тіршілікке етене араласуына психологиялық тұрғыда көмек береді. Түрлі іс-шаралардың бел ортасында жүруіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, жұмыс барысы нәтижесіз емес. Талай жанның жаңа қырынан танылуына түрткі болып келеді. Бұл жерден көмек алған қаншама адам қоғамдық шараларда белсенділік танытып, өз мүмкіндіктерін көрсетуде. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған шара –соның бір көрінісі.
Жарыс барысында кітапхананың ең белсенді оқырмандары «Үздік оқырман» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, мереке қарсаңында оларға демеушілер тарапынан сый-сияпат табыс етілді. Ал, қазақ соқырлар қоғамы облыстық филиалының бірқатар өнерпаздарына қала көлемінде өткізілген мәдени-көпшілік шараларға белсене атсалысқаны, шаһар мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаты табысталды. Осыдан соң мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Брайль» жүйесі бойынша жазу сайысы басталды. Аталған жүйе негізінде өз шеберліктерін көрсеткен М.Әміров, С.Әлібеков, Е.Қылышбаев сайыс қорытындысымен үздік деп танылды. Жиын соңы мерекелік концертпен жалғасын тапты. Бұл өз кезегінде өзегін өкініш кернеген жандардың өмірге құштарлығын оятуда жасалған игі бастама.
Айдана СЕЙІЛ.