ҰЛТТЫҚ БЮРОНЫҢ ЭКС-БАСШЫСЫ ТАТУБАЕВ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ КЕЛДІ
Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығы лауазымына Талғат Маратұлы Татубаев тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың 2018 жылғы 4 шілдедегі бұйрығымен Бас прокуратурада кадрлық тағайындаулар жасалды. Жұмыс тәжірибесі, басшылық қызметтегі еңбек өтілі ескеріліп, Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығы лауазымына 1976 жылы туған Талғат Маратұлы Татубаев тағайындалды", - делінген хабарламада. Талғат Маратұлы Татубаев 1976 жылы Қарағандыда дүниеге келген. 3 дәрежелі жоғары біліктілік сыныбы бар. Құқық қорғау органдарындағы еңбек өтілі 20 жылдан асады. Түрлі қызметтерде жұмыс істеді. Оның ішінде ішкі істер, қаржы полициясының органдары, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде басшылық лауазымдарында болды. 2016 жылғы қыркүйек - 2018 жылғы маусым аралығында МҚІжСЖҚА Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы қызметін атқарды. "Құрмет» және ІІ дәрежелі "Даңқ" ордендерімен марапатталған. Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының Президенттік резервінде тұр.