ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫРХАНЫ
Қасиетті Сыр топырағында дүниеге келіп, өнерімен Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шетелді мойындатқан хас талант, танымал әнші, дарынды композитор Батырхан Шөкеновтің орны әрқашан ерекше. Өнер тарланын үлкен де, кіші де қадір тұтты, жас та, жасамыс та әндерін жатқа айтты. Елден жырақта жүрсе де өз Отанының нағыз патриоты болды.
1962 жылы 18 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген ол 1982 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының студенті болды. Сол кезден Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваны сүйемелдейтін «Арай» тобына саксофоншы ретінде еңбек етті. Оған қоса бұл топ 1983 жылы джаз композицияларын орындап, Бүкілодақтық фестивальде лауреат атанды. Осы кезде альт және тенор-саксофонда виртуозды орындаушы ретінде өнер көрсетті.
Одан кейін «Алма-Ата» атты жаңадан құрылған топта әнші болды. Бір жылдан кейін топ құрамындағы өнерлі жандар «Мелодия» фирмасында өздерінің алғашқы «Путь без остановок» атты альбомдарын шығарып, топтың атын «Алма-Ата Студио» деп өзгерткен болатын. Ал, топтың көшбасшысы өзі еді. 1989 жылы «Алма-Ата Студио» тобы «Джулия» деп аталатын өзінің алғашқы бүкілодақтық хитын таныстырып, ресейдің эстрада жұлдызы Алла Пугачеваның ән театрына шақырту алды. Әншінің «Рождественские встречи» ән кешіне қатысқаннан кейін «А-Студио» тобының атағы мен абыройы аспандай түсті.
ЖҮРЕККЕ ЖАҚЫН ӘН
Батырхан Шөкенов қай жерде жүрсе де туған ел деп тебіренді, қасиетті мекенді қастер тұтты. 2002 жылы «Отан-Ана» атты алғашқы ән-жинағын қазақ тілінде шығарды. Сөйтіп, қазақ музыка өнерінде өшпес із қалдырды. Оның осы шығармашылығы Отанына деген терең махаббатымен ерекшеленді. Алғашқы нотасы ойналған сәттен-ақ, Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-ғайыр даланы еріксіз көз алдыңа әкелетін әннің әсері ерекше емес пе?Әнші бір сұқбатында: «Отанға деген махаббат – өте әдемі сезім. Мұны мен 20 жасымда түсіндім. Пойызбен Алматыдан Қызылордаға бара жатқан едім. Күн ыстық. Купенің терезесінен қарасаң, қазақтың дарқан даласы созылып жатыр. Дәл осы сәтте радиода домбыра үні ойнап тұрды. Әуен мен көз алдымдағы көрініс үйлесе кеткен сәтте мен қатты толқыдым» деген болатын.
Жұрт оның әндерін сүйіп тыңдайтын. Б.Шөкеновтің ерекше орындауындағы «Белая река», «Стоп, ночь», «Солдат любви», «Эти теплые летние дни», «Нелюбимая» және басқа да жаңа әндері арқылы өзін таныта түсті. Ол шығармашылық қызметімен қатар еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласты. Сондай-ақ, талантты музыкантты 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы алғашқы Ұлттық елшісі деп таныды.
ЕСІМІН ЕЛІ ҰМЫТПАЙДЫ
Биыл тірі болғанда дарынды жерлесіміз 56 жасқа толар еді. Биыл оған туған топырағы – Сыр өңірінде мәңгілік ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш оның туған қаласының төрінде жарқырап, көркіне көрік қосып тұр. Сол саябақ Батырханның есімімен аталды. Келешекте осы орын жастардың, әншіні құрметтейтін тұрғындардың жақсы бір демалыс орнына айналары сөзсіз. Ескерткіштің авторы – мүсінші Мұрат Мансұров. Ол жасаған ескерткіштің жобасы 2017 жылы байқауға қатысқан 8 жобаның ішінде үздік атанды. Мүсіннің келбеті үшін Батырхан Шүкеновтің «Отан-Ана» клипіндегі қолында саксофон ұстап тұрған бейнесі алынған. Оның жалпы биіктігі – 3,6, мүсіннің биіктігі – 2,2 метр. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің қолдауымен Қызылордада ІІ «Отан-Ана» республикалық әншілер байқауы өткізіліп, жан-жақтан қазақстандық эстрада жұлдыздары шақырылды.
ӨНЕРДІҢ АЛТЫН КӨПІРІ
Сыр өңірінің орталығында өткен маңызды шара барысында анасы – Диляра Шүкенова мен досы Байғали Серкебаев дарын иесі жайында ағынан жарылып сыр ақтарған еді.– Батырхан қазақтың ғана емес, әлемнің әншісі болды. Халықтар достығы деп жиі айтып жүреміз. Балам шын мәніндегі сол достық шынайы өкілі бола білді. Өзге ұлттар мен қазақ музыкасының арасына өнердің алтын көпірін салды. Сөйтіп жүріп қазақтың атын бүкіл жер жүзіне танытты.
Бала күнінде көп армандайтын. Алдымен тәтті бәліштер пісіретін кондитер болғысы келді. Сосын футболға аңсары ауды. Ал, 5-сыныпта «Артек» лагеріне барып, аяқ астынан ән байқауына қатысты. Содан кейін музыкант боламын деп шешті, – деп есіне алды әншінің анасы Диляра апамыз.
Сондай-ақ, жүздесу барысында оның балалық және жастық шақтарынан естелік әңгімелер айтылды. Әнші ең алғашқы қаламақысын 1978 жылы алды. Ол кезде 9 сыныптың оқушысы. Ата-анасынан тығылып, кешкі би кешінде саксофонда ойнайтын. Ақша табуды солай үйрене бастаған. «Әкем білдей бір облыстың қаржы басқармасын басқарды. Ал, анам есепші болды. Олар есеп-қисапты жақсы білгендіктен ақшаны да ұқыпты жұмсайтын. Соны бізге үйретпепті. Мен ақшаны үнемдеп жұмсай алмаймын. Тапқан табысым достарыма сыйлық алуға, саяхатқа, музыкалық аспаптар алуға кетеді. Ақша жинауды ақыры үйрене алмай-ақ қойдым» деп жауап берген бір әңгімесінде өнер иесі.
Бір қызығы, оның ұнататын киімі – джинсы. Ал, ұнамайтыны – галстук. Ол өмірінде галстукты екі-ақ рет ғана тағыпты. Консерватория бітіргенде және АҚШ-та өткен бір ресми кездесуде. Бала кезінде футболды қатты жақсы көрген. Топта үнемі жартылай қорғаушы болған екен. Атақты бразилиялық футболшы Пеле секілді 10-нөмірлі форма киіп жүрген.
Анасының айтуынша, Батырхан өте қамқор болған. «Ол үшін жақындарының қамқорлығы мен махаббаты – ең керемет сыйлық. Балалық шағын сағына еске алатын. Ұлымның асқақ арманының бірі – баласына жақсы тәрбие беру, өнердегі ізденістерін әрі қарай үздіксіз жалғастыру еді» дейді Диляра апа.
Қазақ өнерінің тариxында алтын әріптермен мәңгі жазылып қалатын Батырханды Сыр өңірі ешқашан жадынан жоғалтпайды. Өнер көгінде биік белесті бағындырған Батырханның бейнесі қашанда аспандағы жұлдыз секілді жарқырай түседі. Ән әлеміндегі әуезді туындылары қай кезде де жадымызда жатталып, керемет көңіл-күйге бөлері сөзсіз.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.