ЖОСАЛЫДА БҰРМА-ГАЗ ҚҰБЫРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
2017 жылы Жосалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату стансасын орнатумен қоса «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ құбыры – бұрыпының құрылысы басталды.
Аталған жұмыстарды атқару мақсатында "ТрансАзияКонстракшн" ЖШС- і мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Келісім –шарт бойынша 14,8 шақырым жоғарғы қысымды газ құбырларының жұмыстары жүргізіледі.
Жобаның мақсаты - Қармақшы ауданының елді мекендерін және Жосалы кентін сенімді және үздіксіз газбен қамтамасыз ету және магистралды газ құбыры және тарату желісін пайдаланушы мекемелер арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Сонымен қатар, негізгі өндірістік нысандарды табиғи газға ауыстыру, өндіріс шығындарын қысқарту, өндірістің тиімділігін арттыру және қоршаған ортаны жақсарту болып табылады.
Аталған жұмыстардың аяқталу уақыты - 2018 жылдың сәуір айына жоспарлануда.
Сонымен бірге, 2015-2016 жылдары облыстық бюджет есебінен Жосалы кентіне жүргізілетін газ құбырының және кварталішілік газ құбырларының құрылысы жобасы рәсімделіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан қажетті қаржы көлемін республикалық бюджеттен бөлу мақсатында тиісті министрліктерге бюджеттік өтінім жолданды. Осыған сәйкес, 2019-2020 жылдары аталған жоба жүзеге асуы күтілуде.
Жалпы газдандыру жұмыстары аймақтың сенімді энергетикалық базасын құрып, тұрақты экономикалық өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге, өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуының динамикасына оң септігін тигізеді.