МИНИСТР ДЕНИС ТЕНДІ ӨЛТІРДІ ДЕГЕН КҮДІКТІЛЕРДІҢ ҚАЛАЙ ҰСТАЛҒАНЫН АЙТТЫ
ҚР ІІМ басшысы Қалмұхамбет Қасымов Денис Тен өлімін қатысы бар деген күдіктілердің қалай ұсталғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматыдағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін барынша жағдай жасалып жатыр. Полиция оқиға орнына дер кезінде шыққан. Мен бұл жерде қылмысты қалай ашқанымыз туралы айтып отырмын. Қылмыс сағат 14:56-да болса, сол күні кешкі сағат 23:30-те біз күдіктілердің біреуін ұстадық»,- деді министр Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ішкі істер министрлігі әріптестігінің төртінші отырысы бойынша өткен брифингте.Оның айтуынша, бірінші ұсталған күдікті арқылы оның сыбайласы да ұсталған.«Үшінші күдіктіні ұстаған кезде қиындық туды. Қылмыс болған күні түнде ол үйінде болған. Одан кейін мекенжайын ауыстырып жібереді. Ақсай ауданында ұлттық гвардияның қатысуымен операция ұйымдастыруға тура келді. Ол келесі мекенжайға ауысар кезде ұсталды»,- деді министр.Қазір күдіктілерден сұрақ-жауап алынды. Сараптамалар жасалып жатыр.Еске салсақ, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.Кейін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.Сондай-ақ, Денис Теннің өліміне күдікті Нұралы Қиясов күзетпен Алмалы аудандық сотына жеткізілген.Ал Денис Теннің өлімі бойынша күдікті екінші адам Арман Құдайбергенов ұсталды.