Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАСИЕТТІ ТУҒАН ЖЕРГЕ ҚАШАНДА ҚАРЫЗДАРСЫҢ

ҚАСИЕТТІ ТУҒАН ЖЕРГЕ ҚАШАНДА ҚАРЫЗДАРСЫҢ

   Әрбір жанның шынайы болмыс-бітімі болады. Адамның табиғаты ашылмаған құпия әлем дерсіз. Бір пенденің тал бойына Алла Тағала бірнеше қарым-қабілет пен өнерді жинақтап кәде ғып бергеніне қалай қайран қалмассың? Ол – сөз зерлеген ақын, кез-келген адаммен тіл табысып әңгіме алаңына жинап шүйіркелесуге уақытын аямайтын ақылшы ұстаз. Ал, сазгерлік пен қаламгерлік қасиеті бөлек әңгіме.
Біз «Жүрекжарды әңгімеге» қазыналы қарттықтың ауылына төккен тердің зейнетімен, асқан абырой, биік мәртебемен жеткен Сыр бойының сыршыл ақыны, қаламы қарымды журналист Мақмұтбай Әміреұлын шақырдық. Ол кісінің ойларымен бөлісіп,  ағаның ұлағат ауылына ат шалдырамыз.
  • Сіздің балалық шағыңыз соғыс жылдарындағы елдегі қиын жағдаймен сәйкес келгенін білеміз. Десе де сол күндерден  естеліктерді айта отырсаңыз.
  • Соғыс жылдары өмірге келгендер елдегі қиындықтың тауқыметін көріп өскені рас. Себебі, біздер қан майданның қаһарлы күндерінде дүниеге келдік. Көз ашып, көңіл түйсінер жаста соғыс деген қасіреттің не екенін білмесек те, ауылдағы тұрмыс күйзелістеріне бейімделдік. Жоқ пен бардың, тоқтық пен аштықтың жайын біліп, ерте есейіп, еркелік пен балалықтың базарлы шағын бастан өткізе алған жоқпыз.
Мен 1942 жылы 20 ақпанда Жалағаш ауданының «Еңбекші» ауылында дүниеге келдім. Ол қазіргі «Мәдениет» ауылынан 3,5-4 шақырымдай ғана жерде Бозарықтың бойында еді. Біздің шағын елді мекенде 35-40-тай ғана отбасы болды. Ауыл ортасында үлкен сай, шығыс жақ іргесінде аласа құм төбелердің арасында айнадай жарқыраған көл жататын. Біз оны Ақкөл дейтінбіз. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары ел басына төнген қиындықтар бұл кішкене ауылды да айналып өтпеген. Анамның айтуынша, аштықтан түндігі түрілмей, есігі ашылмай түгел қырылып қалған отбасылары да бар екен. Менің әкем Әміре Қараұлы осы қиын кезеңде қақпан, тұзақ құрып, аң, құс аулап өз отбасын, бірқатар туыстарын да аштықтан аман алып қалған. Әкеміз осы кәсібін ашаршылықтан кейінгі жылдары да жалғастырыпты.
Көзі көргендердің айтуынша ол ұжымшардың қай жұмысын да еңсере орындайтын ерекше қайратты, еңбекшіл болған.   Қарапайым жұмысшы, бригада жетекшісі қызметтерін атқарған. 1942 жылы 42 жасында майданға аттанып, содан хабарсыз кеткен. «Орнында бар оңалар» дегендей аяулы анам Балагүл Қосшыбайқызы бізді ешкімнен кем етпей өсірді. Екі ұл, екі қызды бағып-қағып, білім беріп, қатарға қосты. Есімізді білгелі анамыздың еркін демалып, еңбектен қолы босағанын көрген емеспіз. Түнде де тыным таппайтын. Диірмен тартып, ұн әзірлейтін. Нан пісіретін, тамақ дайындайтын. Біз анамыздан ерінбей еңбек етуді, айналамыздағы адамдарға мейлінше адал, әділ болуды үйрендік. Туған үйдің түзу түтіні, туған өңірдің қоңыр төбесі, қоңыраулы шеңгелі, қызыл жыңғылы, иісі бұрқыраған боз жусаны, айнадай жарқыраған айдын көлі табиғи тазалығымызды, қарапайым болмысымызды қалыптастырды.
  • Алғашқы шығармашылық жолыңыз қалай басталды?
  • Мен дүниеге келгеннен кейін сегіз айдан соң майданға аттанып, оралмай кеткен әкем Әміре де ән, жырды теріс көрмеген сияқты. Анамның айтуынща, әкем мен туғанда атақты қармақшылық Рүстембек жырауды шақырып, түнімен жыр айтқызған көрінеді. Менің өлең жазуды ерте бастауыма осының бәрі себеп болған секілді. Бірінші сыныпты бітіріп, оқу- жазуды үйренгеннен бастап ойыма келген сөздерден өлең құрастырып, кейде оны айтып жіберетін де кездерім болған. Мұны жастайымыздан шөп шабуға, кейде бидай оруға апаратын бригадир аңғарса керек, бірде анама «Осы балаң ақын болуы мүмкін. Кейде шатты- бұттыны шатпақтап, өлең құрастыратыны бар» депті. Анам оған «Болса несі бар, Тұрекемнің жиені емес пе?» деп күліпті. Ұмытпасам, екінші сыныпты бітіріп, жазғы каникулда бидай орағында жүрген кезім еді. Бидай сабағын ұстаған сол қолымның саусақтарының біріне орақ жүзін тигізіп алдым. Орақ өткір еді. Көбірек кесілсе керек, қан шыпшып шыға келді. Қасымызға балалар, қыздар жиналып қалды. Қыздар орамалымен қолымды таңып тастады. Үйге қайтуға жинала бастадым. Осы кезде бригадир «Әй, Махмұтбай, осыған арнап бір шумақ өлең құрастыршы» деді. Мен де көп ойланғаным жоқ.
Қолымды кесіп кетті өткір орақ,
Сонан соң шүберекпен алдым орап.
Қаншама шүберекпен орағанмен,
Қоймады ауруын қолым бірақ, – дедім.
Балалар жаппай күліп жатыр. Бригадир басын шайқап қояды. Бұл көпшілік алдында айтқан алғашқы өлеңім еді.
 Өмірімде бірінші рет «5 март» деген өлеңім қабырға газетінде жарияланды. Ол кезде ойымыздағы сөздерді 4 қатарға тізіп, екінші, төртінші қатарларындағы соңғы сөздері ұйқасса болды өлең деп жаза беретінбіз.
Кейде түнде көзім ілінгенше өлең жазып, май шамның жанында ұйықтап қалатын да болдым. Түнде шам сөнбей қалып, анамның таңертең «Керосинді құрттың» деген ұрысын жиі еститінмін. Ол кезде конверт  арзан.Жазғандарымды аптасына 2-3 рет «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналына жолдаймын. «Өлеңдеріңді алдық. Көркемдік жағынан кемшіліктеріне байланысты пайдалана алмадық» деген жауап келгеніне әжептәуір марқайып қалатынмын. Кейін мектеп, ауылдық кеңес кітапханаларындағы өлең кітаптарын оқып, жазу техникасын жетілдіргендей болдық. Соның нәтижесі шығар. 1958 жылғы 15 наурыздағы «Лениншіл жас» газетінде «Бұлақ» деген өлеңім жарық көрді. Бұдан кейін өлеңдерім республикалық «Қазақстан пионері», облыстық «Ленин жолы» газеттеріне, «Пионер» журналына жарияланды.  Міне, алғашқы өнер өлкесіндегі қадамым осылай басталды.
  • Сіз ауыл баласысыз. Күріш ору деген сіз үшін қиын емес болар.    Студент кезіңізде күрішке бардыңыз ба?
  • Әрине, ол кезде студенттердің барлығы дерлік бұл науқанға қатысатын. Ол науқан уақытында еді. Шиеліге күрішке бардық. Бізден бір курс жоғары оқитын Қыдырбай деген студент болатын. Факультет бойынша «Тірі комбайн» атағын алған керемет орақшы еді. Өзінің күріш ору әдісі өзгеше. Біздер бір-бір атызға түсіп жатқанда ол 4-5 гектарлық тұтас загонды алатын. Орылған аңызы бір тегіс, комбайн орғандай болып жататын. Мен де оның жанында жүріп, орақ ору әдісін үйрендім. Сөйтіп факультеттің «екінші тірі комбайны» атағына ие болған едім.
  • Туған жерге деген адамның құрметі ерекше ғой. Ол кіндік кескен жеріңе, ата-анаға, туған-туыс бауырға, сені сүйетін елге, артыңнан еріп келе жатқан болашақ ұрпаққа жол көрсету, өнеге беру деген сөз. Сіздің осы бағыттағы мазмұнды пікіріңізді өскелең ұрпақ ұғынса дейміз.
  • Өмірге келіп, жалғанның жарық дүниесін көргенің үшін әуелі Аллаға, ата-анаңа, қасиетті туған жеріңе қарыздарсың. Әрине, туған жерге тағзым ретінде не жасасаң да, қандай көмек көрсетсең де артықтық етпейді. Өткен жылы өзім туып- өскен Т. Жүргенов ауылындағы №117 орта мектепке барып, мүмкіндігі шектеулі балаларға қаржылай көмек бердім. Бірқатар ауыл қарттарына, ұстаздарға сый-сияпат жасадым. Мектеп кітапханасына соңғы жылдары баспадан жарық көрген 100-ге тарта кітаптарымды сыйға тарттым. Алайда, менің перзенттік парызымның өтеуінің ең құндысы – ауылым жайлы жазған өлеңдерім, әлдилеген туған жер жайлы естелік кітаптарым деп ойлаймын.
  • Сізге жылдың қай мезгілі ұнайды?
  • Әр мезгілдің өзіне тән ерекшеліктері, сыр-сипаттары, белгі бедерлері болады. Күз суылдай төгілген сары ала жапырақтарымен, қыс шыңылтыр мұзы, аппақ қарымен, көктем жаңа қаулап өскен жап-жасыл жапырақтарымен жадымызда қалған. Жұмекеңнің көктем жайлы жазған жырларының екі жолы еске түседі.
...Уылжып тұр, күмілжіп тұр бар маңай,
Осы екен ғой май дегенің арман-ай...
Көктемнің кемеліне келген шағы мамыр табиғатын бұдан артық қалай айтуға болады. Күнге піскен, күлтеленген қамыс бастары, жібек шашағын сусылдатқан жүгерілі аймақ, дәні толығып, салмақтана, сары маңыздана бастаған күріш алқаптары...
Тамылжыған тамыз табиғаты міне, осы. Бұл айдың соңғы күндері мектептер есігі қайта ашылып, өздерінің ажарлы, базарлы шақтарын қайта бастайды. Көшелерде қолдарына гүл ұстаған, сумка асынған оқушылар көптеп кездеседі. Бұл – жаңа оқу жылының басталғанының, қыркүйек айының туғанының белгілері. Осы уақыт – оқушылар, ұстаздар, ата-аналар үшін ғана емес, барша жан үшін бағалы, бақытты шақ, жүрек толқытарлық сәт. Сондықтан мен үшін осы қыркүйек айының тууы мен басталар шағының орны бөлек.
  • Адамның толыққанды азамат болып қалыптасуына нендей жағдайлар әсер етуі керек?
  • Өмірдің үш кезеңі бар: дүниеге келу, өсіп-өну, жеткен жеңісіңді, жемісіңді беру. Бұл жағынан адамдар жеміс ағашы сияқты. Олар да өнеді, жапырағын жаяды, жемісін төгеді. Жеміс ағашының өсуіне құнарлы топырақ, су, жақсы күтім болса жеткілікті. Адамның өсіп жетілуіне үлгілі отбасы, қоршаған қолайлы орта, тынымсыз еңбек, айқын мақсат қажет. Осылардың біреуі кем, ойдағыдай болмаса ағаш та, адам да толық жетіле алмайды. Менің өткен өмірімде осы үш тәрбие мектебім маған бағдаршам болды деп ойлаймын. Бұл жағынан мен жолы болған адамның бірімін деп шүкіршілік ете аламын.
  • Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық шабыт тілеймін! 
Сұқбатты жүргізген:  Гауһар Қожахметова.
14 тамыз 2018 ж. 1 218 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам