ПУЛЕМЕТШІ ТӨЛЕГЕН
Соғыс – жер бетіне аса зор шығынын алып келеді. Оны естен шығару әсте мүмкін емес. Адамзат тарихындағы сұрапыл кезеңнің бірі – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына қаншама уақыт өтсе де, ешнәрсе ұмытылмады. Қазіргі бейбітшілік күн бізге оңай келген жоқ. Сұм соғыс қаншама сәбиді балалық шағынан айырды, арқа сүйер өмірлік серіктері мен ата-анасынан көз жазып қалды. Сұрапыл соғыста ержүрек батырлар, ерліктің сан үлгісін көрсетті. Олардың ерен еңбегі Жеңіс туын желбіретті.
Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталғанына – биыл 73 жыл. .. Бұл ұзақ уақыт болып көрінеді. Десе де, дүниені дүр сілкіндірген осынау дүрбелең кезеңнің қиын-қыстау сәттері күні бүгінге дейін көпшіліктің есінде. Сұм соғыстың зардабын милиондаған адам көрді.
Сыр өңірінде майданның бел ортасында болып, ерлік көрсеткен ардагерлеріміз қатары жылдан-жылға сирей бастады. Сондықтан олардың есімін елге таныту бізге – борыш. Бүгінгі кейіпкеріміз – Төлеген Жүнісов Тереңөзек ауданы, бұрынғы Жаңаарық колхозында дүниеге келген. Ол кісі бала кезден тағдырдың сынына ұшырады. 1933 жылғы жаппай ашаршылық оны ата-анадан айырды. Осылайша балалық шағын балалар үйінде өткізуге тура келді. Бауырларымен жетімдер үйінде тәрбиеленді. Қапыда туғандарынан көз жазып қалды. Бірақ қиындыққа мойымай, тағдыр тауқыметіне төзе білді. Болашаққа деген үміт жігерлендірді, өмірдің тек қана жақсы жағын көруге ұмтылды.
Ағамыз сұрапыл соғыс басталғанда 18-дегі бозбала еді. 1942 жылы әскер қатарына алынып, Өзбекстанның Самарқанд қаласына жіберілді. Білімі жеті сыныптық болғаннан кейін 8 ай кіші командирлікті оқуға тура келеді. Алайда, оқуды аяқтауға мүмкіндігі болмай, бес айдан кейін соғысқа аттанып кетті. Осылайша, майдан даласындағы алғашқы айқасты Украинаның Луговой жерінде көзбен көрді. Жаяу әске қатарында жүріп, кіші сержант атанды. Харьков қаласынан бастап, Прискуров, Тернополь, Львов маңындағы ұрыстарға қатысты. майдан даласында автомат пен қол пулеметін еркін меңгерді. Сол бір ауыр кезеңдп көрсеткен ерлігі үшін «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды.
– Бұл орден жаудың соғыс қимылына қажетті құрал-жабдықпен жасақталған «Тигр» атты қос танкіні жарып жібергенім үшін берілді. Майдан шебінде қан көру, адамды жаралау қиын. Дегенмен, өз отаның, саған сенім артып отырған жандар бар екені есіңе түскенде алып күш пайда болады. Ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін ештеңеге мойымай, алға қадам бастық. Майдангерлердің өздеріне, бір-біріне сенімі, қамқорлығы арқылы Жеңіс туы желбіреді, – деп еске алады Төлеген ата.
Жеңіс хабарын ағамыз Брежнев қаласында естіді. Сұм соғыс аяқталса да, сол қалада түнгі патрульде қызмет етті. Онда бір жыл жұмыс жасап, 1946 жылы Жоғары үкіметтің әскерді босату туралы қаулысы шыққаннан кейін ғана елге оралды.
– Туған елге келген кездегі сезім мүлде бөлек. Оны жай айтып жеткізу мүмкін емес. Десек те Отан үшін от кешкен күндер ешқашан естен кетпейді. Бүгінгі ұрпақ жеңістің қандай қиындықпен келгенін түсіну қажет, – дейді Төлеген ата.
Елге оралған соң еңбекке бірден араласып кетті. Еңбек жолын колхозда қара жұмысшы болып бастады. Кейін дүкенші қызметінен несібе терді. Қызметке деген жауапкершілік, есепке қабілетінің нәтижесінде бухгалтер лауазымын атқарды. 1978 жылдан темір жол саласы бойынша монтер болды. Зайыбы Жәмилә екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиеледі.
Төлеген Жүнісов «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги» және «За отвагу», «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл», «Еңбек ардагері» және «Астанаға – 10 жыл» секілді орден-медальдармен марапатталған.
Ардагер қазір 95 жаста. Қарияның денсаулығы жақсы. Сұрапыл соғыс жылдары қаймықпаған ол еліміздің болашағына, бейбіт өмірге зор сеніммен қарайды.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.