БҮКІЛ ӘЛЕМГЕ ҚАЗАҚ ӨНЕРІН МОЙЫНДАТҚАН "АЙКА" ФИЛЬМІ ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА КӨРСЕТІЛЕДІ
Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмі қазақстандық көрерменге биылғы күзде Almaty Film Festival кинофестивалінің аясында ұсынылады. Канн кинофестивалінде "Үздік актриса" аталымын жеңіп алған Самал Еслямованың қатысуындағы таспа 15 қыркүйек күні көрсетіледі.
Картинаның продюсері Гүлнар Сәрсенованың айтуынша, Қазақстанда фильмнің соңғы нұсқасы көрсетіледі екен. Ол сондай-ақ, көрсетілімге келетін көрермендерге мұның Мәскеудегі қырғыз мигранттарының мәселелерін қозғайтын кино екенін ескерте кетті. Толықметражды таспаның жұмысы алты жылға созылған.
"Айканың" бюджеті 2,5 миллион еуроны құрады. 2018 жылдың мамырында фильм Каннда көрсетілді. Картина сюжеті Ресейдің астанасына заңсыз өтіп кеткен Қырғызстаннан шыққан бойжеткеннің айналасында өрбиді. Айка есімді кейіпкер сәбиін перзентханаға тастап кетеді. Алайда, уақыт өте келе бойжеткен сәбиінсіз өмір сүре алмайтынын түсініп, тастап кеткен баласын іздеуге кіріседі.
Еске сала кетсек, Almaty Film Festival-де Әділхан Ержановтың "Әлемнің мейірімді бейжайлығы" фильмінің тұсауы кесіледі.
Дереккөз: massaget.kz