КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІС КӨП НӘТИЖЕНІ КӨРСЕТТІ
Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына орай ҚР Сенат депутаттары Сыр еліне іс-сапармен келді. Олар бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова бастаған депутаттар Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің Студенттер сарайында көшпелі мәжіліс өткізді. Онда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындайтын білім және денсаулық сақтау ісіндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сала заңнамалығын жетілдіру мәселелері қаралды.
Мәртебелі меймандар университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларының ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында орындалып жатқан ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты. Сондай-ақ, жас ғалымдар мен білім алушылар инновациялық жұмыстарын көрсетті. Қазіргі уақытта университет ғалымдары 9 ғылыми жобаларды жүзеге асыруды қолға алған. Олар аймақтың индустриалды-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық дамуының, ғылым мен техниканың түрлі салаларының өзекті мәселелерін қамтып отыр.
Көшпелі мәжіліс барысында көрме ұйымдастырылды. Онда ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі нәтижелері көрсетілді. Атап айтқанда, ежелгі Сортөбе қалашығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның ортағасырлық археологиясының осы күнге дейін шешімін таппай отырған ақтаңдақтарының бірі – Оғыз кезеңінің археологиялық мәдениеті туралы жан-жақты деректер айтылды.
Сонымен қатар, университеттің жылыжайында қияр және қызанақтың будандарын ағаш үгінділері мен күріш қауызы субстраттарында шағын көлемде өсірудің инновациялық технологияларын әзірлеу жөніндегі ұзақ жылдардан бері жүргізілген зерттеулер нәтижелері көрсетілді.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.