«ҚАЙСАР» - РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ
Қызылордада Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, Сыр футболының түлегі Сұлтан Әбеновтың жүлдесі үшін футболдан 2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирге еліміздің облыстарынан 12 команда қатысып, үздіктерді анықтады.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Сұлтан Мұрашұлы барлық қатысушы командаларға доптарды сыйға тартты.
Турнир нәтижесінде «Қайсар» футбол орталығының командасы көш бастады. Олар финалда № 6 облыстық футбол жөніндегі олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің командасын 1:0 есебімен ұтты. Үшінші орын Ақтөбе облысының командасына бұйырды.
Жарыста «Үздік қорғаушы» номинациясы бойынша Данияр Болат (Ақтөбе), «Үздік жартылай қорғаушы» - Думан Абызбай («Қайсар»ФО), «Үздік шабуылшы» - Шаттық Меңлібаев (Сырдария), «Үздік қақпашы» - Әлиакбар Әбілхайыр (№6ОРМБЖМ), «Үздік ойыншы» - Мақсат Жетпісбаев («Қайсар»ФО), «Үздік төрешілер» - Елдос Аяпбергенов, Дінмұхаммед Есенбай, Николай Срыбник (Қызылорда) марапатталды.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар медаль, кубок, дипломдармен марапатталса, номинация иегерлеріне естелік сыйлықтар табысталды.