МҰНАЙ – АЛТЫН ДАРИЯ
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, мереке иелерін айтулы күнмен құттықтады.
– Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылында мұнай-газ саласы Елбасы қолдауының арқасында ел экономикасының көшбасында тұр. Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен «Шеврон», «Эксон Мобил», «Коноко Филипс», «Аджип», «Бритиш газ», CNPC, «Миттал инвестмент» және басқа да компаниялармен ынтымақтастық орнатылды. Аймақта мұнай өнеркәсібін дамытудың бастамасы Құмкөл кен орнының ашылуы болды. Соңғы 30 жылда мұнай мен газ кластері, соның ішінде мұнайды, ілеспе газды және конденсатты өндіруді ғана емес, сондай-ақ, мұнай өңдейтін зауыттарды, мұнай өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды да қалыптастырды, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізін мұнай құрайтындықтан, бұл мерекенің орны ерекше екенін атап өтті.
Бүгінде оны өндіретін кәсіпорындардың алдында тұрған негізгі міндет – игерілетін өнімдік қабаттардан мұнай алу мүмкіндігін барынша арттыру екені белгілі. Бұл өз кезегінде өндірілген шикізат көлемін ұлғайтуға бағытталған заманауи құрылғылар мен ең озық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі жағдайда отандық мұнай өндірудің негізгі қоры – өндірілуі қиын қорлар болып табылатындығы да өзінің кері ықпал тигізіп отырғандығы сөзсіз. Десе де, өңірдің экономикасын әртараптандыру мақсатында металлургия, көлік логистикасы, агроөнеркәсіп кешені, шағын бизнес және туризм салаларын дамытудың арқасында соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 65 пайызға, ал республика бойынша 9,1 пайызға өскен. Сондай-ақ, шикізаттық емес экспорт көлемі былтыр 68 пайызға артса, жалпы өңірлік өнім құрылымында өндіріс үлесі 5 жылда 2 есеге ұлғайған.
Салтантты жиын барысында аймақтың аталмыш сала қызметкерлерін ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев құттықтады. Аймақтағы мұнай-газ саласының үздік қызметкерлері марапатталып, оларға құрмет көрсетілді. Шара соңы мерекелік концертке ұласып, жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты.
Ақмешіт-ақпарат.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.