ИСЛАМ – АҚИҚАТ ЖОЛЫ
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында "Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жария етудегі БАҚ рөлі" тақырыбында семинар-тренинг өтті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов қатысты. Сала мамандары бас қосқан жиында теріс және экстремистік идеялардың таралуының алдын алу, халықтың діни сауаттылығын арттырудағы ақпарат өкілдерінің рөлі сынды мәселелер сарапқа салынды.
– Ислам – біздің құлшылығымыз һәм тіршілігіміз, өміріміз һәм өмір сүруіміздің негізгі қағидаттарын көрсететін ақиқат жолы. Ал, ақпарат саласында жүрген әріптестер бұл тақырып төңірегінде қалам тербегенде аса ықтияттылық танытқан абзал. Кейде аят, хадис, сүрелерді ғаламтордағы түрлі сайттардан ала салатын кездер болады. Ал, бұл шын мәнінде күмәні көп дүниеге айналуы мүмкін. Бәлкім, ол сүрені теріс жолды ұстанған азамат өз бағытына қарай бұрмалап жүктеген болуы да мүмкін ғой. Сондықтан қандайда бір дін шеңберінде мақала жазу керек болса, мешіттердегі арнайы имам-молдалардың пікірін пайдаланған дұрыс, – дейді қалалық "Сұлтан" мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаев.
Бұдан бөлек, семинар барысында "Qyzylorda" телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева, "Сыр дидары" газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев сынды аймақ журналистерінің өкілдері аталмыш тақырып аясында тұщымды ойларымен бөлісті. Жалпы, еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша аталмыш саланың канондық мәселелерін енді діни бірлестіктер құрған бұқаралық ақпарат құралдары ғана жариялай алады. Ал, мемлекеттегі өзге де ақпарат құралдары мемлекеттік зайырлы даму қағидаттарын, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін ілгерілетуге, діни өшпенділік пен ксенофобияны насихаттауға жол бермеуге ықпал етуі тиіс. Жиын соңында жергілікті басылымдарда діни тақырыптарда ақпарат жариялайтын арнайы тілшілер пулі құрылып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ.