ШИЕЛІДЕ КӨПІР САЛЫНАДЫ
Шиелі ауданының Еңбекші ауылында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінде көпір салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовтың қатысуымен өткен мәжілісте белгілі болды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен әріптестікті дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты. Аймақ басшысы Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарында оқуын тәмамдаған жергілікті жас мамандарға, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның білім беру гранттары бойынша білім алған мамандарға арналған жағдайларды қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінде көпір салу үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаражат бөлу керектігін атап өтті. «Жақында Қызылорда қаласында ірі жол-көлік оқиғасы болды. Жеңіл автокөлік құм тиелген жүк көлігіне соқтығысып, нәтижесінде төрт адам көз жұмды. Бұл жүк көлігі химиялық заттар немесе күкірт қышқылына толы болса қандай жағдай болар еді? Сондықтан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көпір салу үшін қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді Қ.Көшербаев. Өз кезегінде, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік мәселелері компания үшін маңызды болып табылатынын, сол себепті көпірдің құрылысы бойынша шараларды қолға алуға дайын екенін айтты. «Түлектерді жұмысқа орналастыру жайындағы ұсынысыңызға қатысты айтарым, бізге қажетті мамандар болса, оларды жұмысқа қабылдауға әзірміз»,-деді «Қазатомөнеркәсіп» басшысы.