ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
Қызылорданың Жылу электр орталығында жылу беру маусымына дайындық бойынша облыстық штабтың көшпелі отырысы болып, онда дайындық жұмыстары қорытындыланды.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаев өткен жылы облыс кәсіпорындары штаттық тәртіпте жұмыс істегенін атап өтті.
«Жылу беру маусымында коммуналдық кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек. Бұл өте маңызды кезең, оны тиісті деңгейде өткеруіміз қажет. Барлық жұмыстарды 1 қазанға дейін аяқтау туралы тапсырма берілген болатын», - деді аймақ басшысы.
Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы туралы облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Медет Усаин баяндады.
«Облыста жылу беру маусымы уақытында басталды. Аудан және қала әкімдерімен, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің мәліметіне сәйкес, барлық 1166 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілді. Оның ішінде Қазалы ауданында-12-сі, Аралда-13-і, Сырдарияда-14-і, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 15 қазаннан бастап жылу берілді. Қызылорда қаласы 13 қазанда, ал 15 қазанда 692 көпқабатты тұрғын үйдің 636-сы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Сондай-ақ, қалған 56 тұрғын үйді жылуға қосу жалғасуда. Жалпы жылу беру маусымы бақылауда тұр », - деді Медет Усаин.
Айта кету керек, жылу маусымына дайындық жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында қолға алынып, сол уақытта жөндеу жұмыстары мен қысқы маусымға көмір сатып алу басталған болатын.
Қызылорда ЖЭО басшысы Руслан Нұрмағанбетовтың айтуынша, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шараларға сәйкес жүргізілді.
«Облыстық бюджеттен 250 млн. теңге, кәсіпорынның есебінен - 204 млн. теңге бөлініп, «Қызылордажылуэлектрорталығының» №6, 9 бу қазандықтарына, №3, 6 газтурбиналық қондырғыларына, «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» филиалы мен «Қазалы Теміржолжылу» филиалы қазандықтарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» филиалының шатыры күрделі жөндеуден өтті. Ал, химиялық цехтың шатырын жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 1 қарашасында аяқталады», - деді Руслан Нұрмағанбетов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге үздіксіз және жоғары сапалы жылу, электрмен қамтамасыз етуде жауапкершілік танытып, көмір сату пункттері бойынша мониторинг жасап, жеткізу кестесін және отын бағасын қадағалауды тапсырды.
Атап өтейік, алдағы жылу беру маусында әлеуметтік-мәдени нысандардың қажеттілігі – 28 мың тонна қатты және 25 мың тонна сұйық отын, жергілікті тұрғындардың қажеттілігі 207 мың тоннаны құрайды.
Штаб отырысын қорытындылай келе, аймақ басшысы өңір тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аяқтау керектігін айтты. Сондай-ақ, жылумен жабдықтау үшін мемлекеттік қарыздарды жинау бойынша рейдтік науқан өткізуді, көп қабатты ғимараттарда жылу энергиясын есептегіш орнату жұмыстарын жалғастыруды және әлеуметтік нысандарға газ беру жөніндегі шараларды ұйымдастыруды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 4 мамырында облыс әкімінің бұйрығымен жылу беру маусымына дайындық бойынша облыстық штаб құрылды және іс-шаралар жоспары әзірленді. Бүгінгі таңда аймақта штабтың 7 отырысы өткізілді.