РАХМАН ОМАРОВТЫҢ ҰЛЫН ДА ӨЛТІРМЕК БОЛҒАН
Кеше Алматыда Рахман Омаровтың бұрынғы әйелінің өліміне қатысты соттың алдын ала тыңдалымы өтті. Сот залында марқұмның туыстары, ұлы мен бұрынғы күйеуі болды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Марқұм Гүлдерайым Омарованың өліміне қатысты істің тергелуі жарты жылға жуық уақытқа созылды. 30 жастағы күдікті Ақтолқын Сүлейменова сот алдына келді. Оны сот залына күшейтілген күзетпен алып кірді. Бойжеткен бетін жауып, камераға бет-жүзін көрсеткісі келмеді.
Соттың алдын ала тыңдалымына келген актер Рахман Омаров ұлының жағдайы туралы айтты.
«Болған жағдай салдарынан ұлым қатты қиналуда. Оған да, маған да психологиялық тұрғыдан мұндайды еңсеру қиын. Біз мамандарға барып, олардың қабылдауында болдық. Ұлым әлі күнге дейін анасының түсіне кіретінін айтады. Оны қатты жақсы көретін еді», – дейді Рахман Омаров.
Еске сала кетсек, қайғылы жағдай өткен жылдың жазында орын алған. Пәтерін жалға берген Гүлдерайым Омарова сол күні пәтер ақысын алуға келіпті. Сол кезде үйін жалдап тұрып жатқан үш қыздың біреуімен ұрыс туындаған. Артынша ол қыз Омарованы 8 жерінен пышақтап өлтірген. Оның мүрдесін ұлы балконнан тауып алыпты. Марқұмның ұлы ұрыс-керіске бөлмелердің ластығы және шашылып жатқаны себеп болған болуы мүмкін екенін айтты.
«Ол анамды өлтіргенін мойындап отыр. Алайда пәтерде маған тап бергенін жоққа шығаруда. Мен мұндай жағдай ақша үшін болғанына сене алмаймын. Анам жанжал шығаратын адам емес. Олар пәтер ақысын кешіктіріп төлеуге рұқсат сұрағанда, анам әрдайым түсіністік танытатын. Сонымен қатар пәтердегі қандай да бір зат сынса, анам оларға ұрыспайтын. Сол күні анам үйден өзіне ұнамаған нәрсені көрген болуы мүмкін. Пәтерде бірнеше адам тұрды ғой. Алайда анамның нақты нені көргенін білмеймін», – дейді марқұмның ұлы Досхан Кәкімов.
Сол күні Досханның өзі де ажал аузынан қалған. Жас жігіттің сөзінше, пәтерді жалдап тұрған Сүлейменова өзіне де тап беріп, өлтірмек болған. Көшеге әрең қашып шыққан Досхан көмекке шақыра бастапты. Оның айқайын естігендер сол маңға жүгіріп, полиция шақырған. Осы кезде Ақтолқын Сүлейменова өзіне қол жұмсамақ болған. Ол кір жаятын жіпті мойнына орап, үшінші қабаттан секірмек болған. Алайда бұл ойы іске аспады.
30 жастағы күдікті бірнеше ай бұрын ақша табу үшін Түркістаннан Алматыға келген. Ол марқұм Гүлдерайым Омарованың пәтерін жалдап тұрған.
Полициядағылардың мәліметінше, бойжеткен азық-түлік дүкендерінің бірінде жұмыс істеген.
Марқұмның артында үш баласы қалды.